НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым — Sputnik. Грузия президенті Саломе Зурабишвили Euronews телеарнасына берген сұхбатында ресейлік туристерге Грузияға келу мүмкіндігі берілуі тиіс екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, саясаткерлер туындаған проблеманың шешімін табуы керек.
Кеше Ресей президенті Владимир Путин ресейлік әуе компанияларына 8 шілдеден бастап Грузияға ұшуға тыйым салатын жарлыққа қол қойғаны белгілі болды. Ұшуды тоқтатуға авиациялық қауіпсіздік деңгейінің жеткіліксіздігі себеп болған.
"Туристер бізге келуге мүмкіндік алуы керек, өйткені олар Грузияны жақсы көреді. Ал саясаткерлер мен басшылар осы жағдайды тудырған проблеманың шешімін табуы керек", - деп түсініктеме берді Саломе Зурабишвили қалыптасқан жағдайға.
Грузияда болған оқиғалар туристер мен халыққа еш әсер етпеуі керек, деп түсіндірді Зурабичвили.
Мемлекет басшысының айтуынша, "Грузияға да, Еуроодаққа да тағы бір шиеленіскен ірі аймақтың қажеті болмағандықтан", Грузия жағдайды ушықтырмауға мүдделі.
Тбилисиде не болып жатыр?
20 маусымда басталған Тбилисидегі наразылық толқыны кейінірек тәртіпсіздіктерге ұласты. Митингілерге Мемлекеттік дума депутаты Сергей Гавриловтың Грузияға келуі себеп болды. Наразы топ парламентке баса-көктеп кіруге әрекеттенген. Полиция қызметкерлері көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқ қолдануға мәжбүр болды.