НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым — Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов елорданың үш шеткі ауданының тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдаған. Бұл туралы қала басшысы Facebook-тегі парақшасында жазды.
Үркер (Ильинка) тұрғындары әкіммен кездесуде жыл сайын көктемде көшелер мен үйлерді су басатынын айтты. Ауданда кәріздік насос станциясы жұмыс істемейді екен. Соның салдарынан жергілікті балабақшаны да еріген қар суы басып қала береді.
Сонымен қатар, тұрғындар мектеп-гимназиядағы орын жетіспеушілігін де алға тартты. Бұл білім ордасы 1200 оқушыға есептелген болса, ал мұнда 2800 оқушы үш аусымда оқиды екен. Шатыр мен жылу жүйесін де жөндеу қажет. Тағы бір проблема – осындағы жалғыз емханада мамандардың жетіспеушілігі болып отыр. Көптеген медицина мамандарының бұл ауданда баспанасы жоқ болғандықтан, қаладан қатынап істеуі қиындық тудырады.
Мәселен, Кемеңгерұлы көшесіндегі апаттық жағдайдағы үйдің 15 пәтер иесі тек 2022 жылы ғана көшіріледі. Алайда олар үйдің апаттық жағдайының қиындағанын алға тартты, белгіленген сүру мерзіміне дейін шыдас бермей, құлап қалады деп қауіптеніп отыр. Мұнда да тұрғындар көктемде су деңгейінің көтерілетінін айтты. Ауданның көпшілік аумағында әзірге жауын-шашындық, тазарту құрылғылары жоқ.
Ауданды қиылыстыратын теміржол өткелі де сын көтермейді. Малахов көшесіндегі әр 10-15 минут сайын жабылып отыратын өткелде теміржолды кесіп өту үшін көліктер ұзын-сонар кезекте сағаттап тұрады екен. Оған қоса жақын деген Герцен көшесіндегі аялдамаға бару үшін жергілікті тұрғындар теміржолды кесіп өтіп баруға мәжбүр. Тұрғындар автобус бағыттары мен қала орталығындағыдай жақсы аялдама павильондарының жетіспеушілігін де жеткізді.
Қала басшысы 37 разъезд тұрғындарымен де кездесті. Бұл ауданла тұратындар осы маңдағы мұнай сақтайтын база мен басқа да өндіріс орындарынан экологиялық қауіп төніп тұрғанын алға тартты.
"Қауіпсіздік жағы да тұрғындарды сары уайымға салып отыр. Тұрғындар қаланың қауіпсіз жерінен баспана беруін сұрады. Мәселенің шешу жолдарын бірге қарастыратын боламыз", - деді Көлгінов.