Қоғам

Министр Аймағамбетов ҰБТ тапсырып жатқан түлектерге қолдау көрсетті - фото

Бүгін республика бойынша 13 мың түлек ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 маусым – Sputnik. Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Елордалық түлектерді құттықтап, қолдау білдіруге білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгін республика бойынша 13 мың бала ҰБТ тапсырып жатыр. Бұл - бірінші лек. Жалпы түлектер 9 күн тестілеуден өтеді. Осы университетке 600 түлек келіп отыр. Біз оларға сәттілік тіледік. Балаларымыз қобалжымай, емтиханды жақсы тапсырады деген үміттеміз", - деді Аймағамбетов журналистерге.

Министр Аймағамбетов ҰБТ тапсырып жатқан түлектерге қолдау көрсетті - фото

Биыл қанша грант бөлінді?

Министрдің айтуынша, биыл Қазақстанда 117 242 түлек ҰБТ тапсырады. Осы орайда Асхат Аймағамбетов мемлекеттен қанша грант бөлінгенін айтып өтті.

Тағы оқыңыз: ҰБТ-2019 қалай өтіп жатыр - видео

"Өткен жылы гранттар саны өсті. Биыл да өсу тенденциясы сақталды. Осы жылы 53 мың мемлекеттік грант бакалавриатқа бөлінді. Бұл балаларымыздың білім алуына, жоғары оқу орнына түсуіне үлкен мүмкіндік береді", - деді білім министрі.

Министр Аймағамбетов ҰБТ тапсырып жатқан түлектерге қолдау көрсетті - фото

ҰБТ-да қандай ерекшеліктер бар?

Асхат Аймағанбетов биылғы тестілеудің ерекшелігіне тоқталды.

"Ұлттық бірыңғай тестілеудің жалпы форматы өзгерген жоқ. Бірақ ерекшеліктер бар. Ол балаларға психологиялық қысымды азайтуға бағытталған. Сондықтан түлектерге қатты қысым жоқ. Бүгін олар жақсы көңіл-күймен келіп жатыр", - деді ол.

"ҰБТ-да әділдік болуы керек"

Сонымен қатар, білім министрі ҰБТ кезінде түлектерден тыйым салынған заттар табылса, оларға тиісті шаралар қолданылатынын атап өтті. Оның пікірінше, тестілеу кезінде әділдік болуы керек.

Тағы оқыңыз: ҰБТ-ны сәтті тапсыру үшін не істеу керек?

"Ұлттық бірыңғай тест тапсырудың ережесі бар. Сол ережеге сәйкес комиссия жұмыс істейді. Әрине, егер келеңсіз жағдайлар болса, ондай жағдайлардың алдын алуымыз керек. Мәселен, телефон, басқа тыйым салынған заттар болса, оны тоқтатуымыз керек. Бірақ бұл психологиялық ахуалды өзгертпеуі тиіс. Осындай тапсырма бердік. Егер тыйым салынған заттар баладан табылса, оған тиісті шара қолданылады: аудиториядан шығарылады. Өйткені, әділдік болуы керек", - дейді Асхат Аймағанбетов.

Министр Аймағамбетов ҰБТ тапсырып жатқан түлектерге қолдау көрсетті - фото

Сөз соңында министр биыл тестідегі сұрақтың 30% жаңартылғанын атап өтті.

ҰБТ-2019

Айта кетейік, биыл ҰБТ 20-30 маусым аралығында 169 тапсыру пунктінде өтеді. ҰБТ-ға қатысу үшін 117 242 адам өтініш берген.

Нұр-Сұлтан қаласында ҰБТ өткізу күндері – 20-27 маусым. Қала бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің 3 пункті бекітілген:

  • Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;
  • Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті;
  • Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті.

Биыл Қазақстанның бас қаласындағы түлектер саны – 6274. Оның 5856-сы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға тіркелген.

Министр Аймағамбетов ҰБТ тапсырып жатқан түлектерге қолдау көрсетті - фото