Өңірлер

40 градус ыстық: синоптиктер үш күнге болжам жасады

Қазақстанның батысы және оңтүстігінде аптап ыстық болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. 20-22 маусымда Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде күн ашық әрі ыстық болады, деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.

Синоптиктердің мәліметінше, батыс және оңтүстік аймақтарда күндіз ауа температурасы 30-35, кей жерлерде 36-40 градусқа дейін көтеріледі.

Тағы оқыңыз: Астролог маусым айына болжам жасады

Республикамыздың оңтүстік-шығысының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, екпінді жел тұрады деп болжанып отыр.

"Жоғарғы атмосфералық қысымның аясында Қазақстанның солтүстік аймағы арқылы жылжитын фронттар кей жерде ғана найзағайлы өткінші жаңбыр алып келеді", - деп жазылған хабарламада.

Дабылды ескерту

20-21 маусымда Солтүстік Қазақстан облысында дабылды ескерту жарияланды. Найзағай ойнап, тұман түседі, күндіз дауылды желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді деп болжанып отыр.

Ірі қалалардағы ауа райы

20 маусымда Нұр-Сұлтанда ауа температурасы түнде 12 градус жылы, күндіз сынап бағанасы 21 градусты көрсетеді. Алматыда түнде 19, күндіз 29 градус ыстық. Шымкентте түнде 19 градус  болса, күндіз 32 градусқа дейін ысиды.

21 маусымда астанада түнде 13 градус, күндіз 23 градус жылы. Алматыда ауа температурасы түнде 21 градус, күндіз 30 градус ыстық. Шымкентте түнде 21 градус нөлден жоғары болса, күндіз 33 градус аптап ыстық.

22 маусымда елордада түнде 14 градус, күндіз 24 градус. Оңтүстік астанада түнде 22 градус жылы, күндіз 29 градус. Шымкентте түнде 21 градус нөлден жоғары, ал күндіз 32 градус ыстық.