НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Қазақстан парламентінің мәжілісі депутат Анар Жайылғанованың өкілеттігін тоқтатуды мақұлдады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында осы мәселеге байланысты арнайы қаулы қабылданды. Дауыс беру кезінде бір депутат қарсы болды. Осы кезде мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин: "Біреу сізді қимай жүр. Жібергісі келмей отыр. Сонан кейін көреміз оны", - деп пікір білдірді. Осыдан кейін барлық депутаттық корпустың атынан құттықтап, жаңа қызметте сәттілік тіледі. Экс-депутатқа арнайы алғыс хат та табысталды.
Анар Жайылғанова да өз тілегін білдіріп, депутаттар арасында жұмыс істегені үшін алдымен Елбасыға алғысын жеткізді. Одан кейін спикердің жұмысын ерекше атап өтті.
"Сіздің тәжірибеңіз үшін, сіздің мектебіңіз үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Барлық әріптесіме ризашылығым шексіз. Әсіресе, бюджет және қаржы комитетін ерекше атап өткім келеді. Себебі мәжілістегі алғашқы қадамдарым сол жерде жасалды. Гүлжан Жанпейісқызы, сізге мың алғыс. Сосын өзім жұмыс істеген заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне рақмет айтамын. Барлық әріптесіме, аға буынға алғысым шексіз", - деп атап көрсетті Жайылғанова.
Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Анар Жайылғанова мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалған болатын.
Тағы оқыңыз: Мәжіліс депутаты мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы болды
Айта кетейік, мемлекет басшысының жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі ведомствоға бөлінген еді: мемлекеттік қызмет істері агенттігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Анар Жайылғанова туралы не білеміз?
Анар Жайылғанова 1969 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін бітірді.
Ол көп жылдар сот жүйесінде еңбек еткен. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша аға кеңесшісі ретінде бастайды. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы, әділет министрлігінің сот жүйесін жетілдіру және талдау басқармасының басшысы, президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің аға сарапшысы қызметін атқарады.
2000 жылы Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі, ал 2004 жылы Жоғарғы соттың судьясы болады. Кейін Конституциялық кеңестің мүшесі болып тағайындалды.
2016 жылдың наурызында Анар Жайылғанова "Нұр Отан" партиясы атынан Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ол мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды.