НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Биыл елімізде 53 мыңнан астам білім гранты бөлінді, оның дені техникалық мамандықтарға берілген. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл бакалавриатқа 53 785 грант бөлініп отыр. Магистратураға өткен жылғыдай 13 мыңнан астам грант, ал докторантураға 2312 грант бөлінеді", - деді министр үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, түлектер қандай мамандыққа қанша грант бөлінгенін, өткен жылы конкурс қалай өткенін және қандай құжат тапсыру керек біліп жүруі тиіс. Сонда ғана мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдайды. Сол себепті білім министрлігі бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр.
"Биыл да былтырғыдай техникалық мамандықтарға грант көбірек бөлініп отыр", - деді ведомство басшысы.
Тағы оқыңыз: Аймағамбетов ҰБТ тапсыратын түлектерге "шпаргалка" кіргізбеуге кеңес берді
Айта кетсек, Қазақстанда екі күннен кейін ҰБТ басталады. Түлектердің он бір жылдық білімін тексеретін сынақ 30 маусымға дейін жалғасады.
Биыл ҰБТ-ға қатысу үшін 117 242 адам өтініш берген. Оның ішінде 88 277 немесе 75,3 %-ы – қазақ тілінде, 28784 немесе 24,6%-ы – орыс тілінде, 181 немесе 0,1%-ы ағылшын тілінде қабылданды.
ҰБТ қорытындысын ұлттық тестілеу орталығының сайтынан және Telegram-бот арқылы білуге болады.