НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Жарылыс 17 маусым күні сағат 12:00-де Қостанайдағы Лермонтов және Баймағамбетов көшелері аумағындағы техникалық қызмет көрсету станциясында газ жабдығын орнатқаннан кейін болған.
Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, екі қабатты ғимарат толығымен қирап қалған. Жеті адам зардап шеккен, оның алтауы ауруханаға жеткізілді.
Зардап шеккен бір адамға Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері алғашқы медициналық көмекті көрсетті.
"Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Газбенжабдықтау және электр қуаты уақытша ажыратылды. Өрт сөндіру бөлімі жалынды сағат 12:47-де оқшаулады. Сағат 13:24 тоғыз газ баллон қауіпсіз жерге шығарылды", - деп жазылған Төтенше жағдайлар комитеті таратқан хабарламада.
Оқиға салдарын жоюға 98 адам мен 30 техника жұмылдырылды.