НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым — Sputnik. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлады төменгі палатаның баспасөз қызметі.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы парламенті палаталарының бірлескен отырысы 2019 жылдың 20 маусымында сағат 10-да Нұр-Сұлтан қаласында шақырылсын", - деп жазылған өкімде.
Айта кетейік, Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысына дәстүрлі түрде ел президенті қатысады.
Естеріңізге сала кетейік, 9 маусымда Қазақстан президенті сайлауында 70,96% дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Жаңа президентті ұлықтау рәсімі 12 маусымда Нұр-Сұлтанда өтті. Сайлаудан кейін Тоқаев үкімет отставкаға кетпейтінін, алайда кадрлық ауыс-түйіс болатынын мәлімдеді.