2019 жылдың 17 маусымында Ақтоты Райымқұлова Қазақстанның мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалды. 2014 жылдан бері бұл қызметті Арыстанбек Мұхамедиұлы атқарған болатын.
Ақтоты Райымқұлова 1964 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Тұрмысқа шыққан, Оспан және Әлім есімді екі ұлы бар.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. 25 ғылыми еңбектің авторы.
Ақтоты Райымқұлованың шығармалары ресми іс-шараларда орындалады.
Ол "Ел бақыты", "Apple of Peace", "Көкжал қантатысы", "Толғау", "Дала сыры", "Жәмиля", симфониялық поэмаларының, "Аспан көші" екі актілі балеті, "Алатау" пьесасы, "Соңғы сезім", "Тұзды шөл", "Абай", "Еңлік-Кебек", "Абылайхан", "Адам баласы Қайын", "Естайдың Қорланы", "Гамлет", "Қорқыттың көрі", 'Сыған серенадасы" сынды спектакль, фильмдер мен сериалдардағы саундтректердің авторы.
Ақтоты Райымқұлованың алған білімі
1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "композиция" және "фортепиано" мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін осы жоғары оқу орнында "композиция" бағыты бойынша аспирантурада оқыды;
2007-2010 жылдары докторлық диссертациясын сәтті қорғап, доктор атанды;
Ресей Федерациясы жанындағы халық шаруашылығы бизнес академиясының МВА дәрежесін алды. Ғылыми атағы – DBA (Doctor of Business Administration).
Райымқұлова қайда жұмыс істеді
Жаңа министр өзінің еңбек жолын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында педагог болып бастады. Кейін қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында оқытушы қызметін атқарған.
Ақтоты Райымқұлова Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы "дирижер" кафедрасының меңгерушісі, ректордың көмекшісі, доцент, профессордың міндетін атқарушы, әлеуметтік-экономикалық істер жөніндегі проректоры лауазымына дейін жетті.
2003-2007 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының "Композиция және оркестрлік дирижер" кафедрасының меңгерушісі болған.
Райымқұлова 2014 жылдың маусымынан қараша айына дейін Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер ісі комитетінің төрағасы міндетін атқарушы болды. Бұдан соң екі жыл бойы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры болып қызмет етті.
2016 жылдың 3 қарашасынан мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалды.
2019 жылдың 17 маусымынан ҚР Мәдениет және спорт министрі.
Министрдің марапаттары
Ақтоты Райымқұлова – көптеген байқаудың лауреаты;
- Бүкілодақтық жас композиторлар байқауының лауреаты және дипломанты (Мәскеу, 1984, 1987). Республикалық композиторлар конкурсының лауреаты 1992, 1995, 1997, 1998, 2000);
- 1997 жылы Қазақстан президенті стипендиясының иегері;
- 1998- Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты;
Тағы оқыңыз: Арыстанбек Мұхамедиұлы ұжымымен қоштасты
- 2010 - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
- 2012 - "Тәуелсіздік толғауы" ІІІ республикалық конкурсында І орынға ие болды;
- 2013 - Қазақстанның жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы атанады;
Ақтоты Райымқұлова мәдениет және спорт министрлігінің, білім және ғылым министрлігінің, ҚР ақпарат және коммуникация министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар Қазақстан композиторлар одағының және халықаралық заманауи музыка қауымдастығының мүшесі.