Оқиға

Төрт жұмысшы кәріз құдығында қаза болды: жауаптылар 7 жылға сотталуы мүмкін

Нұр-Сұлтандағы кәріз құдығында төрт жұмысшы қаза болғаннан кейін Астана су арнасының екі қызметкері ұсталған болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым — Sputnik. Қалалық полиция департаменті кәріз құдығында көз жұмған төрт жұмысшыға қатысты тергеу шараларын осы айда аяқтайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Полиция департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нұрқаевтың айтуынша, Астана су арнасының екі қызметкері жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"Біреуі - бас механик. Ол қауіпсіздік ережелерін сақтау шараларына жауапты. Ал екіншісі – Астана су арнасының Алматы ауданы бойынша жетекшісі. Қайғылы оқиға кезінде бас механик сол жерде болған. Аудан бойынша басшы болса, тапсырма беріп, нұсқау жасап отырды", - деді Нұрқаев арнайы баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, зардап шеккен бесінші жұмысшы емделіп шыққан.

Тағы оқыңыз: Кәріз құдығындағы метаннан уланған төрт жұмысшы көз жұмды 

Қайғылы оқиға қалай болды

Айта кетсек, қайғылы оқиға 2019 жылдың 23 мамырында Нұр-Сұлтан қаласында болды. Қалалық су арнасының төрт жұмысшысы Момышұлы даңғылындағы кәріз-сорғы станциясының резервуарына демонтаж жасап жатып, құдыққа құлаған. Дәрігерлер метаннан уланған төрт жұмысшының өміріне араша түсе алмады. 

Жұмысшылардың құдық ішінде респираторсыз жұмыс істегені анықталған.

Оқиғадан кейін полиция еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан көп адамның қаза болуы туралы бапқа сәйкес қылмыстық іс қозғады.

Тергеу барысында бірқатар қажетті сараптама мен арнайы тексеріс жүргізіліп, оқиға куәгерлерінен жауап алынды.

Нәтижесінде "Астана су арнасы" МҚК лауазымды тұлғаларының кінәсі анықталып, 13 маусымда екі қызметкер уақытша ұстау изолюторына қамауға алынды.