НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым — Sputnik. Президенттікке өз кандидатурасын ұсынып, қазақстандықтардың 16,23%-інің даусын жинаған Әміржан Қосанов сайлау қорытындысы мен өзінің алдағы жоспары туралы айтты.
"Оппозиция өзгеруі тиіс"
Ол ең алдымен, өзіне қолдау көрсеткен сайлаушыларға алғысын білдірген.
"Мені қолдап сайлаушылардың 16 проценті дауыс берді, ол - бір жарым миллион қазақстандық деген сөз. Қазақстан оппозициясының бірде-бір өкілі (тұтас партиялар мен қозғалыстарды қосқанда) осыған дейін болған президенттік және парламенттік сайлауда дәл осындай көрсеткішке қол жеткізе алмады. Бұл біздің баршамыздың ортақ жетістігіміз", - деді Қосанов өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында.
Сондай-ақ, ол өзінің сайлау кезінде ұсынған бағдарламасынан бас тартпайтынын жазған. Демократиялық құндылықтарды қорғап, қоғам мен билік арасындағы диалог орнатуға барын салатынын айтқан.
"Біз әрдайым билік өзгеруі керек дейміз. Менің ойымша, оппозиция да өзгеруі тиіс. Оның құрамына енетін адамдар бағдарламалары мен алдағы іс-әрекеттерін айқындап алуы тиіс. Демократиялық күштер арасындағы өзінің орнын табуы керек " , - деді ол.
Қосанов өзінің алдағы жоспарымен де бөлісті. Қоғамның басым бөлігі оны қолдайтынына сенім білдірген.