НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен бағдарын одан әрі жалғастыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстан тарихындағы екінші президент өз қызметіндегі басты бес мақсатты атады. Оның ең алғашқысы – тұңғыш президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдары мен бастамаларын одан әрі жалғастыру.
"Қазақстан тұрақты дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа әдістер мен жаңа шешімдер қажет. Олар таяу арада жарияланады. Екіншіден, өткір әлеуметтік проблемаларды шешуді қолға алуды жоспарлап отырмын. Мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін үкіметке осы салада пәрменді шаралар әзірлеу тапсырылды. Бізге, әлеуметтік саясатты жаңарту қажет", - деді Тоқаев ұлықтау салтанатынан кейін.
Үшіншіден, мемлекет басшысы қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, іскерлік белсенділікті ынталандырып, орта класты қалыптастыруға баса мән бермек. Сондай-ақ, шеттен елге инвестиция тартуды да жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: Тоқаевты ұлықтау рәсімі – видеотрансляция
"Төртіншіден, менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Және ең бастысы, бесінші міндет - әр жерде және әрқашан Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламын", - деп уәде берді президент.