Саясат

Тоқаев барлық әкім мен мемлекеттік органның басшысына қатысты жарлыққа қол қойды

Конституция бойынша жаңа сайланған президент қызметіне кіріскен кезде үш қала мен облыстардың әкімдері, сондай-ақ мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының өкілеттілігі тоқтатылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыстардың әкімдері, сондай-ақ президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары жаңа тағайындауларға дейін өз міндеттерін атқара береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды. 

Конституцияның 87-бабының 5-тармағына сәйкес жаңадан сайланған президент қызметіне кіріскен кезде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыс әкімдерінің өкілеттілігі тоқтатылады. 

"Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері тиісті әкімдер тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқаратын болсын", - делінген жарлықта.

Сонымен қатар, Тоқаев өзіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты да осындай  жарлыққа қол қойды.

Тағы оқыңыз: Сайлаудан соң үкімет отставкаға кете ме - Тоқаев жауап берді

"Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары тиісті басшылар тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқаратын болсын", - делінген президенттің жарлығында. 

Жарлықтар қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.