Оқиға

Үйден қашып кеткен: Алматы облысында із-түзсіз жоғалған екі бала табылды

Текелі қаласында 8 маусымда екі бала жоғалып кеткен болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым — Sputnik. Алматы облысында полицейлер із-түссіз жоғалып кеткен екі ұл баланы іздеді, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

9 маусымда Текелі қаласының тұрғыны полицияға шағым түсірген. Ол тәртіп сақшыларына 2007 және 2011 жылына туған екі ұлының 8 маусым күні жоғалып кеткенін айтыпты. Балалар ата-анасы үйде болмағанда қашып кеткен.

Құқық қорғау органдары балаларды іздеуге кірісіпті. Тіпті ауқымды іздеу шарасы ұйымдастырылып, оған еріктілер, жергілікті байкерлер клубы мен қала тұрғындары атсалысты.

Тағы оқыңыз: Қостанай облысында жоғалған оқушының ажалы моншадан болды

Іздеу тобы Текелі қаласының барлық жерін аралаған. Олар жертөлелерді, үйлердің төбесін, иесіз қалған ғимараттарды тексерген. Бірақ балалар облыс орталығы – Талдықорған қаласынан табылыпты. Текелі мен Талдықорғанның арасы -  30 шақырым.

Әлеуметтік желіде жоғалған балалардың фотосы жарияланған болатын. Талдықорғандағы сол суреттер арқылы балалар танып, іздеу тобына хабар берген.

"Оқиға орнына келген полицейлер балаларды бірден Текеліге жеткізіп, ата-анасына тапсырды", - делінген облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.

Тәртіп сақшылары балалармен сөйлесіп, мұндай әрекетке бармау қажеттігін түсіндірген. Олардың ата-анасы іздеу тобы мен көмектескен адамдарға алғысын білдірді.

Қазір екі ұлдың да жағдайы жақсы. Олар ата-анасының үйлеріне келді.