НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Елбасы дауыс беру үшін елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 58 сайлау учаскесіне келді.
"Бұл – тарихи күн"
"Президент сайлауына барлығы қатысып жатыр. Бұл – тарихи күн. Бұл жай ғана сайлау емес, адамдар өз болашағы мен тағдырын таңдауда. Биылғы сайлау ерекше, өйткені билік жаңа буынға тапсырылады. Бұл сайлау елімізге табыс пен бақ-береке әкелсін, - деді Назарбаев дауыс беріп болғаннан кейін.
Бүгін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау учаскелерінің дені өз жұмысын таңғы 07:00-де бастады. Дауыс беру кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
10.00-дегі жағдай бойынша Қазақстанда сайлаушылардың 12,8%-і президент сайлауында өз таңдауын жасап үлгерген.
Тағы оқыңыз: Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жолдады
Биылғы президент сайлауы бұрынғыдан өзгеше деп айтуға болады. Олай дейтініміз, біріншіден, осы жолы сайлауға Нұрсұлтан Назарбаев түскен жоқ. Бірақ, Конституциялық заң бойынша Елбасына Қазақстан президенті болып сайлану құқығына шектеу қолданылмайды.
Қазақстандағы сайлау хронологиясы
Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы бес рет – 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өткізілді.
1991 жылдың 1 желтоқсанында елде тұңғыш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Мемлекет басшысы лауазымына жалғыз үміткер Нұрсұлтан Назарбаев 98,78% дауыс жинады. Сайлаушылардың 88,2%-ы өз таңдауын жасаған.
Тағы оқыңыз: Алғаш болып дауыс берген қазақстандық кім?
1999 жылы Назарбаев сайлаушылардың 79,78% даусына ие болса, ал 2005 жылы 91,15% дауыс жинады.
2011 жылдың 3 сәуірінде Назарбаев төртінші мерзімге президент болып қайта сайланды. Ол 95,55% дауыс жинады.
2015 жылдың 26 сәуірінде кезектен тыс президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,75% даусына ие болды. Сол жолы өз таңдауын жасаған қазақстандықтар саны 95,11%-ті құраған.
Қазақстан президенттігіне үміткерлер
Осы жолы мемлекет басшысы лауазымына жеті адам таласады:
- Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
- "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
- "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
- "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
- Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
- Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
- "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.