Қоғам

"Телефонға түсіріп алдық": бақылаушы сайлау учаскесінде нені көріп таңғалды?

Кезектен тыс президент сайлауына ТМД парламентаралық ассамблеясынан 37 адам келген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. ТМД Парламентаралық ассамблеясынан Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауын бақылауға келген бақылаушылар елордадағы сайлау учаскесінде нені көріп таңғалғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

РФ Федералды жиналысы Федерация кеңесі конституциялық заңнама және мемлекеттік құрылыс комитеті төрағасының орынбасары Елена Мизулинаның айтуынша, осы жолғы кезектен тыс президент сайлауына ТМД парламентаралық ассамблеясынан 37 адам келген. Олар бірнеше топқа бөлініп, үш адамнан құралған топ Нұр-Сұлтандағы он сайлау учаскесін аралаған.

Тағы оқыңыз: Аралда сайлаушы урнаны теуіп сындырды

"Біз №146 сайлау учаскесінің ашылуына қатыстық. Дауыс беруге келгендердің қарасы қалың болды. Кезек түзілді десем де болады. Сайлау учаскесі ашылардың алдында әнұран ойнаған кезде, кезекте тұрған адамдар бірден әнұранды шырқап кетті. Бұл біздің жүрегімізді елжіретті, тіпті телефонға да түсіріп алдық. Таңғаларлық көрініс болды", - деді Мизулина Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте. 

"Телефонға түсіріп алдық": бақылаушы сайлау учаскесінде нені көріп таңғалды?

Ол сайлау учаскелерінде бірқатар қоғамдық қозғалыс өте белсенді екенін атап өтті. ТМД бақылаушылары аралаған сайлау учаскелерінде азаматтық платформаның, президенттікке кандидаттар штабының өкілдері мен басқа да қоғамдық бірлестіктер болған.

Сондай-ақ, Мизулина сайлау учаскелерінде бақылаушыларға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

"Біз бақылаушылармен әңгімелестік. Олар қандай партия, қоғамдық ұйымдар немесе кандидаттар штабынан болмасын, барлық дерлік учаскеде заң бұзушылық тіркелмегенін айтуда", - деді ол.

Айта кетсек, сағат 18:00-дегі жағдай бойынша қазақстандықтардың 72,9%-і дауыс берген.

Президенттікке үміткерлер

Қазақстан президенттігіне жеті адам үміткер:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.