Қоғам

Кандидат Әміржан Қосанов президент сайлауында дауыс берді

Президенттікке кандидат сайлау учаскесіне жұбайы Роза Қосановамен бірге келді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым— Sputnik. "Ұлт тағдыры" ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат Әміржан Қосанов кезектен тыс мемлекет басшысы сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қосанов кандидаттардың арасында ең соңғы болып елордадағы №72 мектепте орналасқан сайлау учаскесіне келді.

Кандидат сайлау учаскесіне жұбайы Роза Қосанованы ертіп келді. 

Тағы оқыңыз: Түгел сайлау учаскесіне дауыс беру басталғаннан кейін үш сағаттан соң келді

Қазақстан президенті сайлауы

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетіні туралы осы жылдың 9 сәуірінде белгілі болды.

Осы жолы Қазақстан президенті сайлауына жеті кандидат түсіп жатыр.

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.

Сайлаудағы тәртіпті ТМД, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссияларының құрамындағы бақылаушылар бақылайды.

Биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізуге рекордтық сома – 9,4 миллиард теңге (24,6 миллион доллар) бөлініп отыр.

Сайлау қорытындысы

Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауы тиiс. Сайлаудың алдын ала қорытындысы 10-11 маусымда шығарылады.

Сайлау қорытындылары туралы хабар сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.