Оқиға

Эльмира Суханбердиеваның не үшін ұсталғаны белгілі болды

Білім және ғылым вице-министрі лауазымдық өкілеттіліктерін теріс пайдаланды, пара алды, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деген күдікке ілінді   
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның не үшін ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы білім және ғылым вице-министріне қатысты лауазымдық өкілеттіліктерін теріс пайдалану, пара алу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сот санкциясымен білім және білім вице-министріне күзетпен ұстау шарасы қабылданды. Тергеу жалғасып жатыр", - деді агенттіктің ресми өкілі Жанна Бастарова.

Ол қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.

"Бірақ бір нәрсені атап өткім келеді, вице-министрге қатысты тергеу қылмыстық кодекстің 361-ші, 364-ші және 366-ші баптары бойынша жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады", - деп түйіндеді Бастарова.

Айта кетсек, 5 маусым күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы білім және ғылым вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеген болатын. Алайда оның есімін жариялаған жоқ. 

Ал бүгін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Эльмира Суханбердиеваның екі айға қамауға алынғанын хабарлады.  

Тағы оқыңыз: Тестілеу орталығындағы шу: білім министрі отставкаға кете ме?

Эльмира Суханбердиева туралы не білеміз

Эльмира Суханбердиева әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған, психология ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1989 жылы Ақтау мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастады.

2000 жылы Алматы облысы Іле ауданы әкімі аппаратының ұйымдастырушылық-кадр жұмысының бас маманы болды. Алматыда "Ай-Нұр" жекеменшік лингвистикалық гимназиясының атқарушы директоры, кейін Алматы облысы Іле ауданы №7 орта мектебінің директоры болып жұмыс істеді.

2007-2009 жылдар аралығында Алматыдағы "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясында басқарушы лауазымдарды атқарды.

Тағы оқыңыз: Вице-министр ісінің тестілеу орталығындағы шуға қатысы бар ма?

2013-2016 жылдары Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) білім басқармасын басқарды. 2016 жылдың сәуірінде білім және ғылым министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Сондай-ақ, Эльмира Суханбердиева – бесінші шақырылымдағы елордалық мәслихаттың депутаты, білім саласының құрметті қызметкері атағы да бар.

Менеджмент және басқаруға қатысты бірқатар мақаланың авторы: "Білімдегі жаңалықтар", "Білім", "12-жылдық білім", "Білім ұйымы жетекшісінің анықтамалығы", "Қазақстан мектебіндегі тарих", "Қазақ ұстазы", "Астана" және тағы басқалары.