Оқиға

Нұр-Сұлтан тұрғыны ХҚКО қызметкеріне жұдырық ала жүгірді

Халыққа қызмет көрсету орталығында жанжал шығарған адам оқиғадан кейін ізін суытқан, қазір оны полиция іздеп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Елордадағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде ер адам қызметкерді ұрып-соғып, қашып кетті.

5 маусымда ХҚКО-ға мекенжай туралы анықтама алуға жас жігіт келді, деп хабарлайды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі. Оның кім екенін анықтамақ болған мемлекеттік корпорация қызметкері азаматтың құжатын көрсеткеніне күмәнданған.

"ХҚКО қызметкері клиенттен аты-жөні мен туған күнін айтуды өтінеді. Алайда ер адам сұраққа жауап бере алмай, маманға тіл тигізіп, балағаттап, бірнеше рет ұрған", - деп жазады мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметі.

Оқиғадан соң бөлім басшысы полиция шақырады, алайда жанжал шығарған клиент ХҚКО-дан қашып, ізін суытқан.

Тағы оқыңыз: Алматы облысының тұрғыны полицейлерге ит қосып айтақтады

Кейінірек анықталғандай, ХҚКО-ға баласы бар әйел келіп, жұбайының атына анықтама алмақ болыпты. Келіншек кезекте тұрған ер адамнан анықтама алып беруді өтінсек керек. Оқиғадан соң ол да ХҚКО-дан кетіп қалды.

Тағы оқыңыз: Тілшілерге жұдырық ала жүгірген емхана қызметкері істі болды

Зардап шеккен маман полицияға арыз жазып, қазір елордалық тәртіп сақшылары ер адамды іздеп жатыр.