Қоғам

"Тәртіп орнатыңыз": білім министрі Нығматулиннен сөз естіді

Мұғалімдердің дені ағылшын тілін жетік меңгермесе де, 1,6 миллиард теңге үстемақы төленген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаттары білім және ғылым министрлігінен ағылшын тілін білмейтін мұғалімдерге үстемақы төлемеуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілісте үкімет пен республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды. Сұрақ-жауап барысында депутат Жәмила Нұрмамбетова мектептерде үштілділікке көшу мақсатында мұғалімдерге ағылшын тілін оқыту мәселесін көтерді.

Тағы оқыңыз: Шәмшидинова тестілеу орталығындағы шудан кейін отставкаға кете ме?

"Үкіметтің есебіне сәйкес, 2018 жылы тілдік курстан өткені туралы сертификат алған 6740 мұғалімге үстемақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. 6740 мұғалімнің бәрі B және одан жоғары деңгейдегі сертификат алған. Алайда олардың тек 818-і ғана, бұл нәбәрі 12 процент, сабақты толығымен ағылшын тілінде беріп жүр. Ал қалған 5922 педагог тек жарым-жартылай ғана, яғни сабақтың тек жекелеген элементтері ғана ағылшынша өтеді. Бірақ, осы екі санаттағы мұғалімдер айына бірдей үстемақы – 35 394 теңге алады", - деді депутат.

Нұрмамбетованың айтуынша, қолдарында сертификаты бар мұғалімдердің дені ағылшын тілін жетік меңгермегендіктен, сабақты бастан-аяқ ағылшынша өткізуге көше алмай отыр.

"Ең қызығы, мұны ешкім проблема ретінде қарастырып отырған жоқ, тіпті мұғалімдердің өзі. Осыдан кейін үстемақы алудың жалғыз критерийі білім сапасы емес, сертификат қана ма деп қаласың. Осыған байланысты айтыңызшы, ағылшын тілін әртүрлі деңгейде оқытатын мұғалімдер неге бірдей ақша алады?", - деп сұрады ол білім және ғылым министрінен.

Шәмшидинова мектептерде пәндерді ағылшын тілінде оқытуға қатысты көп мәселе туындағанын атап өтті.

"Ағылшын тілінде оқыту, тым құрығанда, екі шартты орындаған кезде басталуы тиіс еді. Біріншісі – мұғалімдер дайын болған кезде, екіншісі оқушылардың дайындық деңгейі жеткілікті болғанда. Сол себепті биыл 352 мектепте ғана пәндер толығымен ағылшынша өтеді", - деді министр.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс депутаты мұғалімнің жалақысы қанша болуы керектігін айтты 

Ол о баста үстемақыны барлығына бірдей төлеу туралы шешім қабылданғанын айтты.

"Сондықтан біз қазір үстемақыны кімге қанша төлеу керек екенін анықтап, талқылап жатырмыз", - деді білім министрі.

"Онда талқылайтын не бар? Сіздер талқылап жатқанда, 1,6 миллиард теңге төленіп қойды",  - деді Нығматулин.

"Мен түсінемін. Бірақ шешім қабылданып қойғандықтан, оқу жылының ортасында тоқтата алмадық", - деп ақталды Шәмшидинова.

Министрдің жауабы Нығматулиннің ашуын тудырса керек, мәжіліс төрағасы ведомствоның жұмысын сынға алды.

"Сіздер тіл білгені үшін емес, сертификат деп аталатын А4 форматындағы қағаз үшін ақша төлеп отырсыздар. Ашығын айтқанда, мұның бәрі не үшін жасалып жатқаны белгілі. Бұл стратегиялық жоспардың есебіндегі көрсеткіштерді жақсарту үшін қажет", - деп айтып салды спикер.

Нығматулин министрліктің бұған атүсті қарауынан білім сапасы нашарлайтынын қадап айтты. Халықтың үштілділікке үрке қарайтыны да осыдан, деді ол.

"Мектепте пәндерді ағылшын тілінде оқытпаңдар деп ешкім айтпайды. Бірақ мұны есеп үшін емес, дұрыс, ақылға салып істеу керек. Оқушылар мен ата-аналар бұдан хабарсыз деп ойлайсыздар ма? Міне, осыдан кейін олар бізге баға береді. Тәртіп орнатыңыз", - деп талап етті спикер.