Саясат

Осы апта – сайлау: қазақстандықтар нені білуі тиіс

Сенбі, 8 маусым – тыныштық күні, сайлауалды үгітке тыйым салынады, ал жексенбі күні таңертең ерте барлық өңірде сайлау учаскелері ашылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы осы жексенбі, 9 маусымда өтеді.

Былтыр маусым айында сол кезде сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаев алдағы сайлауға түсетініне сенбейтінін мәлімдеген еді. Жоспар бойынша президент сайлауы 2020 жылы өтуі тиіс болатын.

Тағы оқыңыз: Президент сайлауы: кандидаттардың аты-жөні бюллетенде қандай ретпен жазылады?

Осы жылдың көктемі қазақстандықтар үшін тарихи оқиғаларға толы болды: 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін мәлімдеп, келесі күні Тоқаев президент ретінде ант берді.

9 сәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық арналар арқылы кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдағанын жария етті. Осылайша, сайлау күні болып 2019 жылдың 9 маусымы белгіленді.

Президент сайлауына кімдер түседі

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 10 сәуірде басталды. Төрт партия мен бес қоғамдық бірлестік саяси додаға түсетін үміткерлерін ұсынды. Әрбір кандидат өзін қолдаған 118 140 сенімді сайлаушының қолын жинауы тиіс еді. Кандидаттарды тіркеу кезеңі 11 мамырға дейін созылды.

Тағы оқыңыз: ШЫҰ Бас хатшысы сайлаудағы "карусель" туралы айтты

Қазақстан құрылысшылары одағының атынан ұсынылған үміткер Талғат Ерғалиев 29 сәуірде ойынан айнып қалды. Ал 2 мамырда "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігінен сайлауға түспекші болған Жұматай Әлиев қазақ тілінен емтихан тапсыра алмай, сүрінді.

Осылайша Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне жеті кандидатты тіркеді:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.

11 мамырда басталған сайлауалды үгіт 8 маусым – тыныштық күніне дейін жалғасады. Сенбі күні кез келген үгіт жұмыстарына тыйым салынған.

Сайлау қашан және нешеде болады

Қазақстандықтар 9 маусым күні жергілікті уақытпен таңғы 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады. Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінің жалпы саны – 9 970 (48 учаске 06:00-де ашылады). Шетелдегі қазақстандықтар үшін 51 елде 65 учаске жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз: Сайлау 2019: қазақстандықтар Ресейде қайда дауыс береді 

Шетелдегі учаскелердің дені Ресейде ашылғалы отыр. Отандастарымыз Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде (№265 сайлау учаскесі) дауыс бере алады, Қазақстанның Астрахан, Қазан, Омбы және Санк-Петербургтегі бас консулдығы мен консулдықтарының жанынан тағы төрт сайлау учаскесі ашылады.

Сайлаудағы тәртіпті кім бақылайды

31 мамырдағы жағдай бойынша ОСК жанынан аккредиттелген шет елдер мен халықаралық ұйымдардың бақылаушылар саны 967 адамды құрап отыр.

Басқа елдер мен халықаралық ұйымдардың бақылаушыларын аккредитациялау 3 маусым сағат 18:00-де аяқталды.

Тағы оқыңыз: Президент сайлауының қорытындысы қашан жарияланады?

Сайлаудағы тәртіпті ТМД, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссияларының құрамындағы бақылаушылар бақылайды.

2015 жылы өткен президент сайлауында 1 024 халықаралық бақылаушы болған еді.

Президент сайлауына қанша ақша жұмсалады

Биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізуге рекордтық сома – 9,4 миллиард теңге (24,6 миллион доллар) бөлініп отыр.

Тағы оқыңыз: Президент сайлауы: министрлік ОСК сұраған ақша мөлшерін азайтты

1998 жылы "Парламент депутаттары, президент сайлауын, сондай-ақ референдум өткізу" бюджеттік бағдарламасы бойынша 630 миллион теңгеден астам (1,6 миллион доллар) қаржы жұмсалды, деп хабарлады қаржы министрлігі Sputnik Қазақстанға.

2005 жылғы президент сайлауына 3 миллиард теңгеден аса (7,9 миллион доллар) ақша бөлінді.

2011 жылы кезектен тыс президент сайлауын өткізуге – 4,4 миллиард теңге (1,1 миллион доллар), ал 2015 жылы 4,6 миллиард теңге (12 миллион доллар) жұмсалды.

Қазақстан президенті сайлауының қорытындысы

Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауы тиiс. Сайлаудың алдын ала қорытындысы 10-11 маусымда шығарылады.

Тағы оқыңыз: Бай мемлекетте кедейлер болмау керек – кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы

Сайлау қорытындылары туралы хабар сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.

Қазақстан президентін ұлықтау рәсімі

Республика президентi: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi.

Тағы оқыңыз: Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді?

Президент анттың мәтiнiн мемлекеттiк тiлде айтады.

Осы жолы президент кезектен тыс сайлауда сайланғалы жатқандықтан, ант беру сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі. Бұл жағдайда ант беру күнін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

Қазақстан президенті бес жыл мерзімге сайланады.

Қазақстан президенті сайлауының ерекшеліктері

Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы бес рет – 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өткізілді.

Тағы оқыңыз: Дебаттың екінші раунды: кандидаттар қандай проблемаларды көтерді?

Биылғы президент сайлауы бұрынғыдан өзгеше деп айтуға болады. Олай дейтініміз, біріншіден, осы жолы сайлауға Нұрсұлтан Назарбаев түскен жоқ. Бірақ, Конституциялық заң бойынша Елбасына Қазақстан президенті болып сайлану құқығына шектеу қолданылмайды.

Алғаш рет мемлекет басшысы лауазымына жеті адам таласады. Бұған дейінгі рекорд 2005 жылы болған еді, ол кезде Орталық сайлау комиссиясы бес кандидатты тіркеді.

Бұған қоса, Қазақстан президенті сайлауына алғаш рет әйел түседі – "Ақ жол" партиясы атынан Дания Еспаева.

Осы жолғы сайлау кандидаттар арасында тікелей эфирде дебаттың өтуімен де ерекшеленді. Алайда президенттікке үміткер үш кандидат теледебатқа қатыса алмады: Тоқаевтың сенімді адамы ретінде Мәулен Әшімбав, Төлеутай Рақымбектің атынан Әли Бектаев, ал Дания Еспаеваның атынан Азат Перуашев сөйледі.

Тағы оқыңыз: Головкиннің жекпе-жегі Нұр-Сұлтандағы сайлау учаскелерінде көрсетіледі

Қазақстандықтар осы жексенбіде жаңа президентті сайлау үшін ғана емес, Геннадий Головкиннің жекпе-жегін көру үшін де ерте оянады. GGG кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісінен кейін канадалық Стив Роллспен жұдырықтасады. Нұр-Сұлтандағы барлық сайлау учаскесі жекпе-жекті трансляциялауды жоспарлап отыр.