НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Нөсер жаңбыр салдарынан Алматы облысындағы Пиджим ауылын сел басты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Пиджимді су басып кетті. Мына жерден көліктер өте алмай жатыр", - дейді видеода ер адам.
Оқиға орнына полицейлер мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шұғыл жеткен.
"Су дейгейінің көтерілуінен Пиджим аулындағы бірнеше көше мен ауланы су басты. Апат салдарын жоюға жергілікті атқарушы органның, Алматы облыстық ТЖД, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі, әскери қызметкерлер, Панфилов ауданының полицейлерінен құралған 100-ден астам маман мен 20 бірлік техника жұмылдырылды. Оқиға бақылауда", - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері.
Сондай-ақ ведомство қызметкелері түнгі сағат 23:30-да ағын су тоқтағанын айтады. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде.
Алматы облысының ТЖД қызметкерлері 31 мамыр күні нөсер жауын салдарынан өңірде сел жүру қаупі бар екенін тұрғындарға СМС арқылы ескерткенін айтады.