НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым — Sputnik. Елорданың білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев "Ханшатыр" сауда және ойын-сауық орталығының бассейнінде тоғыз жастағы қыздың көз жұмуына қатысты мән-жайды айтты.
№10 орта мектеп жанындағы лагерьдің балалары бассейнге демалуға барған. Бұл лагерьге балалар ата-аналардың өтініші бойынша қабылданады екен.
"Балалар ата-аналарымен бірге бассейнде шомылып жүрді. Мектеп әкімшілігі мен "Ханшатырдың" құтқарушы инструкторлары балалардың қауіпсіздігі үшін барлық шараны қабылдаған. Оқиғаның қорытындысы мен себебін тергеу аяқталған соң ғана айта аламыз", - деп хабарлады Жекебаев.
Мектеп жанындағы лагерьдің 200 баласымен бірге 24 тәрбиеші мен тәлімгер келген. Сонымен қатар "Ханшатыр" сауда және ойын-сауық орталығының жоғарғы қабатында орналасқан Sky Beach Club жағажай клубының үш құтқарушысы мен менеджері де болыпты.
Тағы оқыңыз: Тоғыз жасар қыз Ханшатырдағы бассейнге батып кетті
Нұр-Сұлтан әкімдігінің өкілі берген мәлімет бойынша, қаза болған оқушы көпбалалы отбасыдан шыққан, 1-сыныпта оқиды. Сауда орталығында жұмыс істейтін медициналық қызметкер балаға алғашқы көмек көрсеткенімен, өміріне араша түсуге мүмкіндік болмады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем дәрігерлері қыздың көз жұмғанын жеткізді.
Енді басқарма елордағы барлық лагерьді тексергелі отыр.
Бұған дейін полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойына тергеу жүріп жатқанын хабарлаған болатын.