Өңірлер

Атырау облысында белгісіз аурудан 2 мыңнан астам қой қырылып қалды

Жергілікті және астаналық мал дәрігерлері қойлардың жаппай қырылуының себебін нақты айта алмай отыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 маусым — Sputnik. Атырау облысының Сүйіндік ауылында бір айдан бері белгісіз аурудан екі мыңнан астам қой қырылып қалды. Шаруашылықта Еділбай қойы өсіріледі.

Атырау облысы Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылында сәуір айынан бері қой жаппай қырыла бастады, деп хабарлайды 24.kz.

Тағы оқыңыз: Бір қора қой жартастан секіріп кетті

Шығын мөлшері 60 миллион теңгеден асқан. Жүз адам жұмыс істейтін асылтұқымды шаруашылық жетекшілері бұл шаруашылықтың бір жылдық табысы екенін айтады.

Мамандар қой шешек ауруының кесірінен қырылып жатыр деген диагноз қойған. Тез арада 36 мың вакцина алынып, екпе жасалынған екен.

"Бастапқы кезде нақты диагнозы табылмағанымен, малды аман алып қалу үшін отарға түгелдей екпе жасалды. Барлық шараны қолдансақ та, шығын әлі де тоқтамай тұр", - деді мал дәрігері Халиық Сейітжанов.

Сынамалар Атырау мен астанадағы зертханаға жіберілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабы көп күттірген жоқ. Алайда мәселе мұнымен шешілмеді. Шешек ауруы диагнозы расталмаған. Бірақ малдың қырылуының нақты себебі анықталмапты. 

Тағы оқыңыз: Жүк көлігі бір отар қойды басып кетті

"Біздің малдың диагнозы әлі күнге дейін анықталмай отыр. Құзырлы органдар осыны хабарлап, мүмкіндігінше бізге дотация, болмаса өтемақы төлеп көмек етсе деген ойым бар", - деді шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Исақұлов.

Өзге шаруа қожалықтарында да қойдың қырылып жатқаны белгілі болды. Жергілікті тұрғындардың қораларындағы мал да белгісіз індетке шалдыққан.

Еділбай қойы

Бұл - қазақы қой тұқымының бір түрі. 19 ғасырдың аяғында Еділ-Жайық бойынан тараған. Құрғақ және шөлейт аймақтарда өсуге бейімделген. Түсі бозғылт, қызыл қоңыр, көбінесе қара болады. Дене бітімі мығым, басы үлкен, тұрқы ұзын, жоталы, кеудесі кең. Қошқарының салмағы  100 – 120 келі, саулығы 65 – 75 келі. Еділбай қойы тез өседі. Бұл тұқым құйрықты қазақы қой тұқымдарын жақсарту үшін пайдаланылады. Көбінесе Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында өсіріледі.