Дерекқор

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы туралы қызықты деректер

Биыл, 2019 жылы ұлы ақын, композитор, философ, саясаткер, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлауға арналған шаралар басталады. Дана ойшылдың мерейтойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарланып отыр
Sputnik

"Атадан алтау, анадан төртеу"

Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шыңғыс тауды жайлаған Тобықты руында дүниеге келді.

Абайдың арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос пен Жігітек тарайды. Әрқайсысы бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен Ырғызбай,  Көтібақ пен Топай туған. Олардың ішінде Ырғызбай оза шауып, ел басқару ісіне араласқан. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар мен Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.

Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ал Ұлжан – Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтіні содан. Құнанбайдың қартайған шағында үйленген төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған.

Білімге құштарлық

Болашақ ақын ел анасы атанған Зере әжесінің таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай алдымен әкесінің өз туыстарының балаларын окытамын деп, "Ескітам" деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламалардың шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады.

"Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал жөне ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытын Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынады", - деп жазды Мұхтар Әуезов.

Жазушының сөзіне қарағанда, Абай бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін кәрілікке жеткен уақытына шейін ұмытпаған.

Жастай ел басқару ісіне араласты

Құнанбай баласының зеректігін бірден байқап, оған жан-жақты білім беруге тырысады. Ал 13 жасында оны оқудан алып кетіп, ел басқару жұмысына салады. Оған қоса, әкесі ел тартысында жалғыздық сезе бастайды. Басында "барып кел, шауып келмен" жүрген жас Абай аз уақыттың ішінде жуан би, ел тартысының атқа мінері болып шыға келеді.

1885 жылы Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде 100-ден астам би-болыстың қатысуымен төтенше съезд өткізілді. Сонда төбе би болып сайланған Абайға "Семей казақтары үшін қылмыстық істерге карсы заң ережесін" әзірлеу тапсырылады. Абай бастаған комиссия барлығы 93-баптан тұратын ережені 3 күнде әзірлеп шығады. Бірақ оның беделін өсірген Қарамола съезінен кейін қарсыластары көбейіп кетеді.

Абайдың кезінде Құнанбаймен алысқан туысқаннан 17 адам Сібірге де айдалады. Бір тартыстың бастықтары олардан жеңіледі. Бірақ сол жеңістің өзі де атадан балаға кететін үзілмес жаулыққа ұласады. Осылайша, Абай әкесі бастаған істі аяқтаймын деп, өзіне талас-тартыстың біраз бәлесін тілеп алады. Оған неше түрлі жала жабылады. Мысалы, 28 жасында бір қыстың ішінде 12 түрлі қылмыс бойынша тексерілген кезі де болды. Бірақ Абай ондай тартысқа әбден ысылып келген. Шешендік өнері де көп көмегін тигізді.

1898 жылы Көшбике деген жердегі Мұқыр болысын сайлауда Оразбай Аққұлы баласы Жігітек, Мырза-Жөкең ру басылары - Әзберген, Бейсенбі, Бұланбай мен Әбендерді ұйымдастырып, Абайдың өміріне қастық жасайды. Бірақ Кәкітай, Уәйіс, Аппас деген жақын достары ара түсіп, оны қорғап қалады. Осыдан соң ақын ел жұмысына араласпайды да бұрынғы араздықпен өзіне қастық істеткен адамдарымен татуласады. Өзі кітап оқуға ден қояды.

Абайдың шығармашылығы

Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ал ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – "Қансонарда". Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар көп. "Сегіз аяқ", "Қан сонарда бүркітші шығады аңға", "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", "Желсіз түнде жарық ай", "Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?" сияқты өлеңдерінің әрбіреуі тың дүние, шығармашылық жаңалық. 

Александр Пушкиннің "Евгений Онегин" шығармасынан "Татьянаның хатын" және "Ленскийдің сөзін", Михаил Лермонтовтың "Ой", "Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз", "Қанжар", "Теректің сыйы" және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлетті.

Абай мысал өлеңдерін шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл көрсетіп, сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын да меңгерген. Оған "Масғұт", "Ескендір", "Әзім" сияқты шығармалар дәлел.

Батыстың өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ол Батыс пен Шығыс мәдениеттерін шебер ұштастыра білді. Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам.

Абайдың іргелі еңбектерінің бірі әрі бірегейі – қара сөздер. Осы сөздердің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды.

Абайдың философиясы

Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған. Ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысты. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Ол өзінің пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысын, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.

"Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу", - дейді Абай.

Мысалы, спортпен шұғылданып өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу барын, ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетеді.

Абайдың айтуынша, жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді.

Отбасы – ошақ қасы

Абай үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдан – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия мен Райхан, екінші өйелі Әйгерімнен - Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл мен Кенже, барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Ал келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.

Абай ғылым іздеуді өз басына ғана алмай, балаларын да барынша оқытуға тырысқан. Ең көп оқыған офицер баласы – Әбдірахман. 90-шы жылдары ол құрт ауруынан қайтыс болды. Оның артынан сүйеніші болып жүрген мықты інісі Оспан өледі. Осы екі өлім Абайға бас қайғысының ішіндегі үлкен қаза болып тиеді.

Сол жылдары бас қайғысымен қатар Абай өзінің дос деген адамдарының қиянатын, алдауын, өтірігін де көреді. Бір сайлауда өзінің інісін болыстыққа  сайлаймын деп келгенде бұрын ешбір сыр бермейтін достары бір-ақ түнде жат болып шыға келеді. Оның інісін құлатып, өз кісілерін сайлап кетеді. Онымен қоймай, Тобықты ішінде бұрыннан онымен сілкісіп келген басшы жауы Оразбай бір сайлауда Абайды  өз кісілеріне сабатып та алады. Осы іспетті соққылармен күресіп келе жатқанда ең жақсы көрген баласы Мағауия өледі.

Абай ешкіммен сөйлеспей, үндемей қалады. Ал 1904 жылы 23 маусымда Мағауияның өлімінен кейін тура 40 күн өткен соң өзі де қайтыс болады. Бір жарым айдан кейін Абайдың ақын баласы Ақылбай Семейде дүние салады.

Абай мұрасын кімдер зерттеді

Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы "Қазақ" газетінде басылған "Абай — қазақтың бас ақыны" атты мақаласында "Одан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ" — деп Абайды аса жоғары бағалады.

1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі, сондай-ақ, "Ескендір" мен "Масғұт" поэмалары енді. Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Кәкітай Ысқақұлы бірінші болып ақынның өмірбаянын жазды.

Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары көп емес. Ақынның өз қолжазбалары сақталмады. Шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткен.

Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы кезеңінде ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналды, "Абай философиясын" діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеалистік философияның жамап-жасқаған бір түрі деп дәлелдемек болушылар да табылды. Бірақ Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров Құдайберген Жұбанов, Сұлтанбек Қожанов сынды қоғам қайраткерлері Абайдың ақындық мұрасын шабуылдан қорғап, мақалалар жазды.

"Көзқарасының қарама-қайшылықтарына қарамастан, Абай бұл сөздің ұнамды мәнінде ең озық реалист-суреткер болды және сонысы үшін де біз оны құрмет тұтамыз, сондықтан да оның әдеби мұрасы біз үшін баға жетпес байлық болып табылады, тап солай болғандықтан да қазақ халқы Абайды өзінің аса ірі ұлттық ақыны деп біледі",- деп жазды Мұқанов.

Ал Мұхтар Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Ол "Абай жолы" эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүниежүзі оқырмандарына танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек атқарды. Әсіресе, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы осы салаға қосқан елеулі үлесі болып саналады.

Абайды шетелде танытқандар

Қытайда Абайдың шығармаларын танытуға Ха Хуан Жан (Хабай) көп еңбек етті. Ол Шыңжан өлкесінің Шәуешек қаласына жақын Қазақтар ауылында туған. Қытай тіліндегі мектептерде оқыса да, қазақ тілін жетік меңгерген. Абайды бала күнінен жаттап өскен екен.

1950 жылы Абайдың "Ескендір" поэмасын, ал 1958 жылы "Масғұт" поэмасын ханзу тіліне аударып, Пекинде арнайы кітап етіп бастырып шығарған. Жалпы, Хабай Абайдың 167 өлеңін, 3 поэмасын, 45 ғақлия сөзін түгел аударған. "Абай және Абай шығармалары" деген үш кітабын да Пекинде бастырған.

Абайдың өлеңдері басқа тілдерге аударылды. Мәселен, Грузин тілінде - Ш.Мчедлишвили, қарақалпақ тілінде - Ш.Сеитова, қырғыз тілінде - А.Токомбаева, татар тілінде - М.Максуд және Н.Арсланов, француз тілінде - Ғалымжан Мұқанов, ағылшын тілінде - А.Самохмалов, түрікмен тілінде - А.Хайидова, Т.Қасымова, П.Искакова және М.Хамраева Абайды ұйғыр тілінде сөйлеткен.

Абайдың өміріне қатысты қызықты деректер

  • Абай Құнанбайұлының шын есімі - Ибраһим. Әжесі Зере "Абай" деп еркелеткеннен кейін "Абай" атанып кеткен;
  • Құнанбайұлы көптеген өлеңіне өзі ән жазған. Олардың ішінде кеңінен тарағаны – "Көзімнің қарасы";
  • Абай Құнанбайұлы алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрген;
  • Абай Құнанбайұлы 13 жасында ел басқару жұмысына араласқан;
  • Абай Құнанбайұлының алғашқы махаббаты – Тоғжан;
  • Абай Құнанбайұлы 1860 жылы Ділдәмен отау құрған. Ол кезде Абай 15 жаста болды;
  • Абай Құнанбайұлы 16 жасында әке болды;
  • Абай Құнанбайұлы 21 жасында болыс болып сайланды;
  • Абай Құнанбайұлы екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген;
  • Еркежан - Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі. Ол Абайдың інісі Оспанның қалыңдығы болған. Еркежан Абайға өз қалауымен тұрмысқа шыққан;
  • Абай Құнанбайұлының 36 жасында тұңғыш немересі Әубәкір дүниеге келді.

Абайдың 175 жылдығы тойланады

Жақында Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Аталған құжатқа сәйкес, келесі жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланады. Осыған орай, биыл 1 шілдеге дейін мемлекеттік комиссия құрылады. Ал 1 қазанға дейін мерейтойды дайындау және өткізуге арналған  жалпыреспубликалық жоспар бекітілуі шарт.

Бұдан бөлек, "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейінде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарланған.