Қоғам

Алыпсатарлар пайда таба алмайды: 1 шілдеден бастап теміржол билетін сату жүйесі өзгермек

Енді алыпсатарлар жолаушылар қайтарған билеттерді "қолға түсіре" алмайтын болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым — Sputnik. Электронды теміржол билеттері фискалды чек ретінде саналып, жолаушыларды есепке алу мен отырғызуға негіз болады. Билет кассалары үшін жол құжатын сатудың жаңа шарттары туралы "Жолаушылар тасымалы" компаниясы хабарлады.

"Жолаушылар тасымалы" пойызына билет алу биыл 1 шілдеден бастап автоматтандырылған жүйе арқылы іске асырылатын болады.

"Бұл жүйе арқылы ресімделген электронды билет фискалды чек қана емес, жолаушыларды есепке алу мен отырғызуға негіз бола алады. Бұл жүйе әртүрлі құйтырқы әрекеттердің алдын алып, жолаушылар қайтарған билеттерді "тез қолға түсіруге" мүмкіндік бермейді", - делінген баспасөз хабарламасында.

Тарифтер еш өзгеріссіз қалады. Бірақ алыпсатарлар билеттерді қайта сатудан пайда түсіре алмайды, деп сендірді компания.