Саясат

Дебаттың екінші раунды: кандидаттар қандай проблемаларды көтерді?

Теледебаттың екінші раундында әр кандидат "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы" тақырыбында сөз сөйледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. "Хабар" арнасында өткен теледебаттың екінші кезеңі "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы" тақырыбына арналды. Әр кандидатқа сөз сөйлеуге 90 секунд уақыт берілді.

Бірінші болып сөз кезегін президент сайлауына кәсіподақтар федерациясы атынан түсіп жатқан Амангелді Таспихов алды.

Пайдасы жоқ ұлттық компанияларды қысқарту керек

"Өздеріңіз білесіздер, біздің елімізде орташа жалақы 168 мың теңге саналады. Бірақ ондай жалақы бұқаралық халыққа арман. Халықтың негізгі бөлігінің жалақысы 100 мың теңгенің айналасында ғана. Сондықтан ол жалақыны 2-3 есе өсіру керек. Ол ақшаны қайдан аламыз? Ол өте оңай нәрсе. Халыққа еш пайдасы жоқ ұлттық компаниялар мен мемлекеттік мекемелер бар. Солардың жартысы қысқарса, соның өзі жетіп жатыр", - деді Таспихов.

Сонымен қатар, ол қыруар ақшаны талап ететін имидждік іс-шараларды өткізуді тоқтату керектігіне назар аударды. Бұған қоса, ауылдардағы мұғалімдер мен дәрігерлердің жағдайын көтерді.

Революция көшеде емес, санада болуы керек

Президенттікке үміткер Дания Еспаеваның атынан теледебатқа "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев қатысты.

"Елімізде талай әлеуметтік проблема жиналғаны баршамызға мәлім. Мемлекет оларды көпке созбай шешуі тиіс. Әрі қарай мұндай ашу-ызаны жинамас үшін үкімет өкілетті органдармен қарым-қатынасты өзгертіп, халықтың сөзіне мұқият назар аударып, оны дұрыс қабылдап үйренуі керек. Халықтың көпшілігі Еуропа жолын, Еуропа сапасын қалайды. Мемлекеттен батыстың сапасын талап етсек, өзіміз де тәрбие, саяси менталитет жағынан Еуропа ұстанымдарына, біліміне бет бұруымыз қажет. Ең маңызды революция көшелерде емес, санада өтуі керек. Онсыз жап-жаңа ғимараттар құлайды, тас жолдар тоза береді. Ал прогресшіл санасы бар, технологияны түсінетін ел қоғамды бұрын болмаған жеңістерге жеткізеді", - деді ол.

Бюджет қаржысын ұрламасақ, бәріне ақша жетеді

"Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан сайлауға түсетін Әміржан Қосанов үшін әлеуметтік жаңғыру – қоғамның жаңғыруы.

"Көпбалалы аналар 21 мың теңге алу үшін әкімдіктің табалдырығын тоздырмауы керек. Егер біз бюджет қаражатын ұрламасақ, шетелге заңсыз шығарылған қаржыны кері қайтарсақ, ақша жетеді деп ойлаймын", - деді президенттікке кандидат.

Сондай-ақ, Қосанов дәстүрлі құндылықтардан айырылып қалмау керектігін қадап айтты.

"Жаһандану процесінде қазақ өз орнын табуы керек. Ол әрбір елге берілген мүмкіндік. Сондықтан менің бағдарламамда Еуропалық одаққа қарай вектор ап-анық айтылған. Әлеуметтік жаңғыруды қазақстандық қоғамды демократияландырусыз көзге елестету мүмкін емес. Бұл ең алдымен саяси еркіндікке қатысты. Бірде-бір адам өз ойын ашық айтқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырамауы керек", - деді кандидат.

Көпбалалы аналарға тегін үй

Төртінші кандидат Сәдібек Түгел әлеуметтік мәселелерді шешуде, ең алдымен, аналар мен балаларға, барлық зейнеткерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалуы керектігін алға тартты.

"Көпбалалы аналарға жәрдемақыны екі-үш есеге арттырып, тегін үй алуына жағдай жасауымыз қажет. Екіншіден, шетелде тұратын қандастарымыздың атажұртына оралуына жол ашуымыз керек", - деді "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан додаға түскен кандидат.

Ол жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі мен ар мәселесін қазіргі қоғамның өткір проблемасы екенін ашына айтты.

"Ар мәселесінде біздің алдымызда жар, артымызда құз тұр. Халқымыздың болмысына, менталитетіне жат дүниелер шаһарларымызға баса-көктеп кіріп алды. Олар шайтани орындар, түнгі клубтар, күндіз-түні жұмыс істейтін сауналар. Осылар жастарымызды азғындық жолға салып отыр. Олармен күресу керек. Түнгі клуб, казино, сауналарды – бәрін жабу керек", - деп қорытты Түгел.

Табыстың әділ бөлінуін қолдаймыз

Бесінші үміткер Жамбыл Ахметбеков Қазақстандағы байлар мен кедейлер арасындағы алшақтыққа назар аудартты.

"Біз азаматтарға тең жағдай жасалып, табыстың әділ бөлінуін қолдаймыз. Қазақстандағы теңсіздік жекелеген санаттағы азаматтардың табысына ғана қатысты мәселе емес. Сенімсіздік күшейіп барады, қиын жағдайға тап болған азаматтар кімге арқа сүйерін білмейді. Көбісі қарызға батып, тұрмысын сол деңгейде ұстап тұрғысы келеді. Алайда бұл ұтылысқа апаратын жол", - деді ол.

Сондай-ақ, Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан сайлауға түскен кандидаттың пікірінше, интернетке тәуелділік әлеуметке төнген қауіп-қатер.

"Заманауи технологиялар прогреспен бірге өскелең ұрпаққа зиянын тигізіп жатыр. Коммунистік Қытайда цифрлық технологиялар жоғары дамыған, бірақ интернетке тәуелділік ауру деп танылады және ондайларды күштеп емдейді. Батыста ғалымдар интернет адамның психикасына, әлеуметтік дамуына қауіпті деп дабыл қағып жатыр. Біздің қоғам осы проблемаға мұқият назар аударуы керек", - деді Ахметбеков.

Негізгі бағыт – ауылдарды жаңа тұрғындармен толықтыру

"Ауыл" партиясы атынан сайлауға түскен Төлеутай Рақымбековтің орнына дебатқа сенатор Әли Бектаев қатысты. Алтыншы болып сөз алған ауылдарды жаңғырту мәселесіне тоқталды.

"Өкінішке қарай, соңғы он бес жылдың көлемінде мыңнан аса ауыл жойылып кетті. Қазіргі бар 5690 ауылдың көпшілігінің жағдайы төмен. Адамдар ауылдан қалаға ағылып жатыр. Ең негізгі себеп, балалардың болашағы. Сондықтан ауылдағы мектептердің жағдайын, білім беру жүйесін жақсартуымыз керек. Білім сапасын арттыру үшін мұғалімдердің сапасы жақсаруы тиіс. Біздің партияның бағдарламасындағы ең негізгі бағыттардың бірі – ауылдарды жаңа тұрғындармен толықтыру", - деді ол.

Бұған қоса, Бектаев елімізде қабылданған "Серпін" бағдарламасын қайта қарау қажеттігіне назар аударды.

"Халқы көп өңірлерден көшіп келген азаматтарға жақсы жағдай жасалса ғана, олар сол жерде тұрақтап қалады. Әсіресе, көпбалалы отбасылар мен білікті мамандарды тұрақтандыру өте маңызды. Оларға тегін үй не пайызсыз несие беру керек", - деп қорытты сөзін ол.

Қолжетімді баспанамен қамту

Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық штабының жетекшісі Мәулен Әшімбаев кандидат өз бағдарламасында халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселесіне үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

Тағы оқыңыз: Сайлауалды дебат: президентікке кандидаттар не ұсынды?

"Алдымыздағы жылдары 650 мың қазақстандық отбасы әртүрлі мемлекеттік бағдарлама аясында қолжетімді баспанамен қамтылатын болады. Сондай-ақ, біздің кандидаттың ұсынысымен алдағы уақытта 40 мың жалдамалы пәтер салынып, көпбалалы отбасылар мен мұқтаж жандарға берілелі. Бұған қоса, жастарды қолдау үшін Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларда жылына кем дегенде 1 мың жалға берілетін пәтер салынады", - деді ол.

Әшімбаев президенттікке кандидат Тоқаевтың денсаулық, дәрігерлердің мәртебесін көтеру, дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне де көп көңіл бөлгенін айтты.

Сайлауалды дебаттың қатысушылары

Сайлау алдындағы дебатқа қатысушылар (жеребе бойынша):

  • Nur Otan партиясы атынан Мәулен Әшімбаев (Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі);
  • "Ауыл" партиясы атынан Әли Бектаев "Төлеутай Рақымбековтің сенімді өкілі);
  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел;
  • "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Азат Перуашев (президенттікке үміткер Дания Еспаеваның өкілі);
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов.