НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин "қарапайым заттар экономикасы" бойынша жеңілдетілген несие беру бағдарламасын жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жеңілдетілген несие беру бағдарламасына енгізілетін түзетулердің екінші жиынтығы әзірленіп жатыр.
"Онда, біріншіден, мемлекет субсидиялайтын бөлігін белгілей отырып, соңғы қарыз алушыға пайыздық мөлшерлемені төмендеу ұсынылады. Бұл ретте 2019-2020 жылдарға арналған тетік аясында субсидияға салынатын бюджет қаражаты мемлекет тарапынан 9%-ке дейін субсидиялауға мүмкіндік береді. Бұл өзгеріс кәсіпкерлер үшін несие құнын арзандатып, бағдарламалар арасында арбитражды алып тастайды", - дейді Қасымбек үкімет отырысында.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда шағын несие сомасы ұлғайды
Сонымен қатар, қарыз мерзімінің үштен бір бөлігінен аспайтын мөлшерде кредит бойынша жеңілдетілген кезең енгізу көзделіп отыр. Жаңа өндіріс ашу үшін кредит алған кәсіпкерлерге өндірісті толығымен іске қосуға қажетті уақыт беріледі.
"Үшіншіден, бағдарлама аясында несиелендіру үшін жаңа тауарларды қосу көзделіп отыр",- деді ол.
Айтуынша, отандық кәсіпорындарды қаржылық және қаржылық емес қолдауды күшейту мақсатында алдағы үш жылда 500 миллиард теңге, оның ішінде "Бәйтерек" холдингі құралдары арқылы 470 миллиард теңге бөлінбек.
Үкімет басшысы Асқар Мамин "қарапайым заттар экономикасы" бойынша жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы жақсы дамып келе жатқанын атап өтті.
"Бүгінгі таңда 700 миллиард теңгеден асатын 900-ге жуық жоба жұмыс үстінде. Сондықтан ұсынылған тәсілдерді қолдаймыз", - деді премьер-министр.
Мамин тиісті органдарға жеңілдетілген несие беру бағдарламасының тетіктерін одан ары дамытуды көздейтін үкімет шешімінің жобасын үш күндік мерзімде енгізуді тапсырды. Сонымен қатар, "қарапайым заттар экономикасына" жататын сатып алынатын отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесін арттыру қажеттігіне назар аударды.
Бұған қоса, шикізаттық емес экспортты қолдауға бөлінген қаражаттың толық әрі уақытылы игерілуін тапсырды.
Тағы оқыңыз: Ипотека алу үшін қандай құжаттар керек?