НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Кәсіптік-техникалық даярлау жүйесін жаңғырту кезінде түлектердің сұранысқа ие болуын ескеру керек. Бұл туралы бүгін үкімет басшысы Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер-министр кәсіптік-техникалық даярлау жүйесіне бизнес пен жоғары оқу орындары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Айтуынша, елдегі ірі компания көшбасшылары өз басқаруына шамамен 150 колледжді, ал университеттер 50-ге тарта колледжді алуға дайын.
"Біз осы бастамаларды қолдап, әріптестіктің нақты шараларын әзірлеуіміз керек. Білім және ғылым министрлігіне "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жобалық кеңсе құруды тапсырамын", - деді Мамин үкімет отырысында.
Үкімет басшысы кәсіптік-техникалық даярлау жүйесін жаңғыртуда барлық әлеуметтік-экономикалық факторды, оның ішінде оқу мекемелерінің аумақтық қолжетімділігін, көпбейінділігі мен тиімділігін, түлектердің сұранысқа ие болуын ескеру керек екенін айтты.
Сонымен қатар, ол дуальды оқытуды енгізу мен кеңейту жұмысын күшейту мәселелеріне тоқталды.
"Кәсіпорындар колледж базасында орталықтар ашуы керек. Бұл колледждердің жұмысын жұмыс берушінің сұранысына жақындатып, түлектерге жұмысқа орналасуға кепілдік бола алады", - деді премьер.
"Елбасының неғұрлым талап етілетін 100 кәсіп бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және маман дайындаудың халықаралық тәжірибесін енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру қажет. Бұл мақсатта осы жылдың соңына дейін кәсіптік стандарттарды әзірлеуді аяқтау, сондай-ақ кәсіби біліктілік процесін заңнамалық реттеу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырамын", - деді ол.
Мамин білім және ғылым министрлігі, мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бір ай ішінде жол картасын әзірлеуді тапсырды. Құжат кадрларға қажеттілікке болжам жасау, колледждер мен білім беру бағдарламаларын жаңғырту, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруды жетілдіру шараларын қамтымақ.
"Әрбір адам өзінің сұранысқа ие мамандық алғанына және кейін жұмысқа орналаса алатынына сенімді болуы керек", - деп түйіндеді сөзін үкімет басшысы.