Өңірлер

Рамазандағы игі іс: елорда тұрғыны көпбалалы анаға үш бөлмелі пәтер сыйлады

Баспаналы болған көпбалалы ананың қиын сәтте қолдау көрсеткен адамдарға деген алғысы шексіз
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Қайырымды іс жасаған қазақстандық өзінің аты-жөнін атамауды жөн санады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz порталы.

Еріктілер осыдан жарты жыл бұрын Instagram әлеуметтік желісіндегі Сlub_dobryakov_pavlodar парақшасында ауылдан облыс орталығына көшіп келген көпбалалы отбасы туралы ақпарат жариялаған болатын.

"Олар "времянканы" жалға алыпты. Үйдің отағасы балаларын асырау үшін күні-түні жұмыс істеген. Өткен жылдың қазанында ол жол апатынан қаза тапты. Салдарынан отбасы асыраушыларынан айырылды. Үш айдан кейін бесінші бала дүниеге келді", - деп жазды еріктілер.

Күйеуінен айырылған Гүлмира амалсыздан еріктілерден көмек сұрауға мәжбүр болғанын айтты.

Тағы оқыңыз: Көпбалалы аналар қандай жағдайда баспанасынан айырылады?

"Ол үйден шығуға мәжбүр болдық. Себебі, оның иесі бұл үйді бұзатын болды. Амалсыздан еріктілерден көмек сұрадым. Олар маған жәрдемдесу үшін ақша жинай бастады", - деді ол.

Бұл оқиғаға бей-жай қарамаған павлодарлықтардың арқасында қажетті сома тез жиналыпты. Нәтижесінде көпбалалы отбасы жарты жылға дейін пәтер жалдауға мүмкіндік алған.

"Жеке парақшамыздағы бұл көпбалалы ананың оқиғасын Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны оқыпты. Ол Павлодарға өз отбасымен бірге келіп, Гүлмирамен кездескен. Оның балаларымен танысты. Қасиетті Рамазан айында елордалық тұрғын қайырымды іс жасауға шешім қабылдаған. Сөйтіп, Максим Горький көшесіндегі тұрғын үйдің екінші қабатынан көпбалалы отбасыға үшбөлмелі пәтер сатып әперді", - дейді еріктілер.

Тағы оқыңыз: Көпбалалы отбасыларға Екібастұздан пәтер берілді - видео

Бүгінде Гүлмира жаңа пәтерге көшуге дайындалып жатыр. Осы күнге дейін жеке үйлері болмаған отбасының қуанышында шек жоқ. Әсіресе, балалар мәз. Үйдің жанында мектеп пен балабақша бар. Гүлмираның ең үлкен баласы 7 жаста екен.

"Алғашында толқып, ұйықтай алмадым. "Ертең балаларымды қайда қондырамын? Олардың өз бөлмелері бола ма?" деп уайымдаудың қажеті жоқ екені туралы ойландым. Маған көмектескен адамдарға алғысым шексіз", - дейді көпбалалы ана.

Гүлмираның тағдырына бей-жай қарай алмаған еріктілер әрдайым Гүлмираның жанынан табылыпты. Олар көпбалалы ана елордалық кәсіпкермен кездескенде әрі нотариус кабинетінде де бірге болған.

Тағы оқыңыз: Енді 1,2 млн теңге жарнамен пәтер алуға болады

"Қайырымды іс жасағанымызға қуаныштымыз. Адамдардың көмегінсіз мұндай таңғажайып оқиға болмас еді", - дейді еріктілер.