НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Италиядағы автобус апатынан зардап шеккен екі қазақстандық әйелдің жағдайы орташа. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі арнайы ұшақ жіберу мәселесін шешіп жатыр. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Олардың жағдайы орташа, туыстары жанында, консул барлық көмекті көрсетіп жатыр. Кеше ғана италиялық дәрігерлердің диагнозын алдық. Қазір сыртқы істер министрлігі денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, екі әйелді санавиациямен Қазақстанға жеткізу мәселесін пысықтап жатыр", - деді Смадияров сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Бірақ, ол үшін екі елдің дәрігерлері консилиум өткізу керек.
Тағы оқыңыз: Италияда апатқа ұшыраған қазақстандықтардың екеуі ауруханада жатыр
"Жақын арада бұл мәселе шешіледі деп ойлаймыз", - деді ол.
Ал қалған жеті қазақстандық, оның айтуынша, елге оралған болуы мүмкін. Себебі турлары 26 мамырда аяқталған екен.
Италиядағы апат
Өткен жұмада Италияның Сиена провинциясында 60 турист мінген автобус аударылды. Салдарынан бір адам көз жұмып, 37-сі зардап шеккен. Жарақат алғандардың арасында Қазақстанның тоғыз азаматы да бар. Жеңіл-желпі жарақат алған 7 турист экскурсиясын одан әрі жалғастырды. Ал екі әйел ауруханаға жатқызылған болатын. Олардың омыртқасы, қабырғасы мен бұғанасы сынған.
Көп ұзамай зардап шеккен азаматтардың туыстары Италияға ұшып барды.