Саясат

Елордада өтетін мерейтойлы саммит: мемлекет басшылары не талқылайды?

29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлы отырысы өтеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. ЖЕЭК саммитінде одаққа мүше мемлекеттер ортақ энергетикалық нарықты қалыптастыруға байланысты мәселелерді қарастырып, одақтың кеден аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетіктерін реттейтін бірқатар халықаралық шартқа және ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қояды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

29 мамырда Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция жөніндегі идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді.

"Іс-шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысады деп жоспарланып отыр", - деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте.

Сондай-ақ, отырысқа Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет басшысы ретінде Молдова президенті Игорь Додон және құрметті қонақ ретінде Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон мен ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев қатысады деп жоспарлануда.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесі мүшелерінің бірлескен мәлімдемесі мерейтойлы саммитте қабылданатын басты құжат болмақ.

"Сондай-ақ, одаққа мүше мемлекеттер ортақ энергетикалық нарықты қалыптастыруға байланысты мәселелерді қарастырып, одақтың кеден аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетіктерін реттейтін бірқатар халықаралық шарттарға және Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қояды", - деді Смадияров.

Бұған қоса, отырыс аясында ЕАЭО-ның цифрлы күн тәртібін іске асыру бойынша өзекті қызметтің маңызды мәселелері және Одақты одан әрі дамыту перспективалары қаралады. Сондай-ақ, мемлекет басшылары ұйымның 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі  бағыттарын талқылайды.