ПЕТРОПАВЛ, 22 мамыр — Sputnik. Петропавл әкімдігі екі қымбат көлік сатып алуға 23 миллион теңге жұмсағалы отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Хабарландыру 21 мамырда мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған.
"Тапсырыс беруші – "Петропавл қаласы әкімінің аппараты" ММ "Петропавл қаласы әкімдігінің іс басқармасы" КММ" – делінген жалпы құны 22 миллион 920 мың теңге екі көлік сатып алу туралы хабарландыруда. Сонымен бірге көліктердің қандай болу керектігі де сипатталыпты.
Талаптарға сәйкес көліктер 2019 жылдан ескі болмауы тиіс, деңгейі - С класс, қозғалтқыштың көлемі - 2,4 литрден кем емес. Сонымен қатар, кілтсіз ашу мен алдыңғы және артқы орындықтарды жылыту жүйесі болуы керек. Былғары салон, аудио жүйені пайдалану батырмалары, круиз-контроль, телефондарға арналған сымсыз қуаттау, рөлінде ұялы құрылғыларды қосатын Bluetooth интерфейсі және тағы басқа артықшылықтары болуы шарт.
Тағы оқыңыз: Ат мінемін деп бас дауға қалған Аян Дүйсенбаев қызметінен босатылды
Еске сала кетсек, 12 сәуірде Петропавл қаласының әкімі болып 46 жастағы Болат Жұмабеков тағайындалды.