НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Елорданың білім басқармасы электронды жүйеге енгізілген өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Басқарма басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, биылдан бастап баланы кезекке қою және оған жолдама алуды ұялы телефон арқылы жасауға болады. Бұған дейін аталған қызметтерді тек электронды цифрлық қолтаңбамен ғана алуға мүмкіндік болды.
"Енді жүйеге кіру үшін электронды цифрлық қолтаңба да, компьютер де қажет емес. Бүкіл қызметтерді смартфон арқылы алуға болады", - деді Жанғозин елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Бұдан бөлек, электронды жүйеге әрбір балабақшаға қатысты толық ақпарат болады. Соның ішінде мекеме паспорты, орналасқан жері, бос орындар саны және тағы басқа мәліметтер бар.
"Үшінші жаңашылдық, әр ата-ана өзіне ұнайтын немесе сәйкес келетін балабақшаны таңдап, ол туралы қажетті ақпаратты электронды пошта арқылы ала алады. Бұл дегеніміз, таңдаған балабақшада бос орын пайда болған кезде ол туралы поштаңызға хабарлама келіп түседі. Енді ата-аналар тәулік бойы компьютердің алдында отырмайды. Хабарлама түскен кезде жүйеге кіріп, қажетті әрекеттерді жасауға мүмкіндік бар", - деп атап көрсетті басқарма басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, балабақшаларға берілген жолдамалардың хронологиясын да көріп отыруға болады. Сондай-ақ, бұған дейін әлеуметтік жеңілдікті алу үшін құжат жинау міндеті қойылса, ендігі кезекте электронды жүйе оны автоматты түрде анықтайды.
Қазақстанда баланың қандай жағдайда 0-сыныпқа бара алмайтыны белгілі болды
"Қалғаны бәрі бұрыңғыдай қалады. Кезекте тұрған азаматтар хабарламаны алғаннан кейін үш күннің ішінде жүйеге кіріп, жолдама алуы қажет. Ал жолдаманы алмаса, аталған құжат кезекте тұрған келесі адамға беріледі. Жаңартылған жүйе 10 маусымда іске қосылады. Сол кезде, шамамен, 17 мың бос орын шығарылады. Басында 2016 және 2017 жылы туған балаларға арналған орындар жарияланса, 14 маусымда 2015 жылғы балаларға, ал 19 маусымда 2013-2014 жылы туған балалардың орындары шығарылады. Жүйеге бұрынғыдай e-astana арқылы кіруге болады", - дейді Жанғозин.
Ресми мәліметке сәйкес, 2013 жылы туған балаларға 4000 орын бөлінсе, 2014 жылғы балаларға 2000 орын, 2015 жылғы балаларға 5000 орын, 2016 жылы туған балаларға да 5000 орын, ал 2017 жылғы балаларға, шамамен, 1600 орын беріледі.