22 мамырда не болғанын білесіз бе?
Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
22 мамырда қандай қызықты оқиға болды
2000 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 22 мамырды Халықаралық биологиялық әралуандық күні (International Day for Biological Diversity) ретінде атап өтуге шешім қабылдады. Бұған дейін бұл мереке 29 желтоқсанда аталып өтетін. Алайда көптеген мемлекеттерде ол күні басқа да шаралар ұйымдастырылады. Сол себепті Халықаралық биологиялық әралуандық күнін 22 мамырға ауыстыру туралы шешім шығарылды. Биологиялық әралуандық – бұл флора мен фаунаның әралуандылығы. Бүгінде ғаламшарда көптеген өсімдіктер мен жануарлардың жойылу қаупі бар. Оның негізгі себебі – адамның іс-әрекеті. Халықаралық биологиялық әралуандық күні қоғамның назарын дәл осы проблемаға аударуды көздейді. Қазақстанның экологиялық жүйесі де бірегей биологиялық әралуандығымен ерекшеленеді. Жалпы, қазақ жерінде өсімдіктердің 15 мыңдай түрі бар. Жануарлар да өте көп. Сүтқоректілер - 180, құстар - 500, бауырымен жорғалаушылар - 52, қос мекенділер - 12, сондай-ақ, балықтардың 104-ке жуық түрі бар. Ал омыртқасыз жәндіктер, шаян тәрізділер, ұлулар, құрттар бұдан да көп. Тек жәндіктер түрлерінің өзі 30 мыңнан асады.
Бұдан бөлек, бүгін - Халықаралық готтар күні. Субмәдениеттің бұл түрі 1970-ші жылдары Ұлыбританияда панк қозғалыстың негізінде пайда болды. Онымен бірге "готик-рок" атты музыкалық жанр да бар. Готикалық субмәдениеттің өкілдері біртүрлі боянып, үнемі қара киіммен жүреді. Сол үшін оларды ылғи сынап жатады.
Сосын 22 мамырда Бұлбұл күнін атап өтеді. Оның тарихы белгісіз. Дегенмен, дәл осы уақытта Табиғат ана көктеммен қоштасқысы келмейді. Ал бұлбұлдар тоқтамай ән салады.
22 мамырда әлемде болған тарихи оқиғалар
1900 жылы Нью-Йоркте "Associated Press" ақпараттық агенттігі құрылды;
1960 жылы Оңтүстік Америкада ең үлкен Чили жер сілкінісі болды;
1977 жылы әлемге әйгілі "Шығыс экспресі" соңғы рейске шықты. Бұл экспресс 1883 жылдан бері Париж – Стамбул бағытымен саяхатшыларды тасымалдады;
1990 жылы Microsoft компаниясының Windows 3.0 бағдарламасы таныстырылды;
2007 жылы Түркияның Анкара қаласында террористік акт болды. Жарылыстың садарынан бірнеше адам қайтыс болды;
22 мамырда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар
1992 жылы Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО-ның құрамына енді;
1999 жылы Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданындағы Атансор көлінің маңынан жаңа темір кені ашылды;
2007 жылы Бөкей хандығының тарихына арналған "Нарын" атты кітап жарыққа шықты. Кітаптың авторы - Қожантай Қасенов;
2013 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ғалымдарға арналған әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықты тағайындады;
22 мамырда дүниеге келген танымал тұлғалар
1813 жылы неміс композиторы, дирижер, философ Рихард Вагнер дүниеге келді;
1913 жылы кеңестік және ресейлік композитор, дирижер, КСРО халық әртісі Никита Богословский дүниеге келді;
1948 жылы танымал әнші, баритоналды тенор, әртіс әрі композитор Евгений Мартынов дүниеге келді;
1970 жылы британдық супермодель, әртіс әрі әнші Наоми Кэмпбелл дүниеге келді;
1976 жылы ресейлік әнші, 90-жылдары жастардың сүйікті музыканты болған Сергей Жуков дүниеге келді. Ол ұзақ уақыт бойы "Руки Вверх!" тобының мүшесі болды.
22 мамырда Қазақстанда кім туды
1916 жылы актриса, Қазақстанның халық әртісі Мариям Семятова дүниеге келді;
1958 жылы Almaty Management University (Халықаралық бизнес академиясы) президенті Асылбек Қожахметов дүниеге келді;
1960 жылы Қазақстанның парламенті сенатының депутаты Сәуле Айтпаева дүниеге келді;
1964 жылы Қазақстанның Ұлттық Паралимпиада комитетінің вице-президенті Айдар Жұмабаев дүниеге келді;
Ай күнтізбесі
Бұл күні Ай Тауешкі белгісінде орналасады. Бүгін менменшілдікті барынша жеңіп, төзімді әрі сабырлы болған жөн. Көмекке зәру адамдарға қамқорлық жасаңыздар.