Қоғам

Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің белсенді жастары бас қосты

Форумда қос елдің жастары екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап жатыр
Sputnik

ҚОСТАНАЙ, 20 мамыр – Sputnik. Қостанайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін Қазақстан-Ресей жастар форумы өз жұмысын бастады.

Қос елдің қоғамдық ұйым өкілдері өздерінің үздік жобаларын таныстырып, тәжірибесімен бөліседі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің белсенді жастары бас қосты

Қазақстан-Ресей форумының бағдарламасы ауқымды. Форумға қатысушылар бірінші күні "Волонтерлік – әлемдік тренд" тақырыбындағы пленарлық дискуссияға қатысады. Бұл мәселе жөнінде Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Ресейдің жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Александр Бугаев, ұлттық еріктілер желісінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк, Ресейдің еріктілер орталықтары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Артем Метелев өз пікірімен бөліседі.

Қазақстан мен Ресейдің жастарын жинаған форум Қостанайдағы жастар сарайында өтіп жатыр. Бұл шараға қатысу үшін Ресейден 200-ден астам ерікті келіпті.

"Қазақстан мен Ресейдің ұзақ жылдарға созылған ынтымақтастығының арқасында бүгін біз жастар форумына қатысып отырмыз. Бұл жастарымыз ұрпақтар сабақтастығы мен қос елдің достық қарым-қатынасқа негізделген дәстүрін сақтап келеді деген сөз. Форумның жастар жылы аясында өтуінің мәні зор", - деді форумның ашылу салтанатында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов. 

Сондай-ақ ол өңірде 170 мыңнан астам жас тұрып жатқанын атап өтті. Облыс әкімінің пікірінше, жастардың әлеуеті мықты Қазақстанның негізін қалауға бағытталуы тиіс.

Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің белсенді жастары бас қосты

Айта кетейік, форум басталғанға дейін 14-16 мамыр аралығында Қазақстан мен Ресейдің Қорған облысындағы Тобыл өзенінің бойында экологиялық акция ұйымдастырылды. Бүгін бұл акция Қостанайда өтеді.

Ал форумның екінші күні жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ қос елдің еріктілер ұйымдары өзара меморандумға қол қойып, тәжірибе алмасады.

Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің белсенді жастары бас қосты