Қазақ халқының басқа ұлтқа ұқсамайтын ерекшелігінің бірі қазақ әйелдерінің "ат тергеуі". Бұрынғы заманда келіндер "тентек", "тетелес", "еркем", "кенже" деп қайнылары мен қайын сіңлілеріне өзінше ат қойған.
Ат тергеу деген не?
Ат тергеу – жаңа түскен келіннің атасы мен енесіне, қайнағалары мен абысындарына, қайын сіңлілері мен қайындарына, ауылдағы жасы үлкен адамдарға өзінше ат қою дәстүрі.
Әдебиетте бірінші рет Н.И.Ильминский "Күйеуінің туыстарының атын келін еш уақытта атамайтын. Оның аға-інілеріне, апа-қарындастарына арнайы ат қоятын..." деп ат тергеу туралы жазған. Келін тарапынан ат тергеу күйеу туыстарының жасына, жынысына, туыстық қатынасының алыс-жақындығына байланысты. Бұл арада келінннің тапқырлығы, байқағыштығы да оған көп көмек беретін. Өйткені әркімнің әр түрлі сырттай, іштей ерекшеліктеріне, мінез-құлқына қарай ұнамды ат қоя білу кез келген кісінің қолынан келе де бермейтін.
Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?
Егер жас келін сол әулеттің, сол елдің үлкен адамдарының атын атап қалса, ол тәрбиесіздік, құрметсіздік саналып, үлкен сөгіске қалады, қатал сынға ұшырайды. Ат тергеу дәстүрі қазақ келіндерінің ибалы-ибасыздығын, текті-тексіздігін, сұңғыла-сарамастығын, тілге шешен-шорқақтығын сынайтын қатаң өлшем.
Келіндер қайын жұртындағыларға қандай ат қойған?
Жаңа түскен жас келіндер түскен үйдің баласы болып кетеді. Сондықтан күйеуінің үлкен әкесін "әке" не "ата" десе, әжесін "әже" дейді. Ал күйеуінің әкесін "үлкен ата", "ата", "кіші ата" дейді.
- Күйеуінің ағаларына: "үлкен аға", "жақсы аға", "ағакем", "көке" деген аттар қойса;
- інілеріне: "сал жігіт", "молда жігіт", "мырза жігіт", "ортаншым", "тетелес", "інішегім", "кенже";
- қайын сіңлілеріне: "шырайлым", "жігіт жат", "еркежан", "еркем", "еркекшем", "молдақыз", "айдарлым", "кекілдім";
- бұрын ұзатылған қыздарды "апа" деп, не олардың күйеулерінің аттарымен бәлендегі қыз, түгендегі қыз дей салады.
Мұнымен бірге жас келіндер күйеуінің бірге туған, немере, шөбере туыстарының өздеріне де жоғарығыдай ат қоюмен қатар, олардың әйелдеріне, яғни абысын-ажындарын да үлкен апа, апа, кіші апа, жақсы апа, жеңешем, бәлен апам, түген жеңешем деп атай береді.
Әркімнің туыстық жақындығына, туыстар арасындағы, жалпы қауым алдындағы алатын орны мен беделіне қарай орынды ат қойғыш келіндерді халық аса ұнататын. Мәселен, би, болыс болып жүрген қайнағаларын би ата, би аға, болыс ата, болыс аға дей береді.
Әдепті келіндер ат тергеуге соншалықты мән беріп, сыйлы үлкен адамдардың атын атауды өзіне кешірілмес күнә деп санап, өзі атын атамайтын қайын ата, қайын ағаларымен аттас бөтен адамдардың да аттарын тура айтудан именіп, мәселен, қажы аттас, ағакем аттас деген.
Қазақ аттары жер, су, аң, құс және төрт түлік малдың атауларымен байланысты қойылатындықтан, ондай атаулардың өзін өзінше өзгертіп айтатынын А.Самойлович та атап өткен еді. Мәселен, атын атамайтын адамдардың аттары Сарыбай, Сұлушаш, Бүркітбай, Биеке, Бүйен болсын. Мұндайда келіндер Сарысу өзенін шикіл су десе, Сұлу төбе деген жерді әдемі төбе, Бүркітті – қыран, биені – сауар, малдың бүйен ішегін жуан ішек деп өзгертіп айтады.
Балаға ең жиі қойылатын ТОП-20 есімнің мағынасы немесе ат қоярда нені ұмытпаған жөн
Кейде атамайтын кісілермен аттас бөтен адамдардың аттарын да өзгертіп айтатын. Айталық, Мәмбетті Самбет деп өзгертсе, Әліні Сәлі, Тұрсынды Мұрсын, Ахметті Сахмет, Жақыпты Мақып, Сартбайды Талқыаяқбай, Ноғайбайды Абзибай деп атаған.
Халық дәстүрі бойынша ауылдағы қарт кісілер мен қайнағаларын атамау үшін мазмұны бір басқа балама тауып қойылатын. Мәселен, Қасқырбайды – Бөрі ата, Қазыбайды – Топ ата, Айтуғанды – Түнгі жарық, Алтынбайды – Бестен артық, Қыстаубайды – Көң ата деп те атай беретін.
Сәлем салу: ескіліктің сарқыншағы ма, жоқ әлде әдептілік белгісі ме?
Қазақ әйелдері күйеулерінің де атын атамай оларды "отағасы", "біздің үйдің кісісі", "бәленнің ағасы" дейтін. Күйеуінің құрдастарының да атын атамай, оларды "құрдас" атандыратын.
Ат тергеу туралы тараған аңыз
Ат тергеудегі қазақ әйелдерінің ізеттілігі мен тапқырлығын дәлелдейтін, әдеби мұраларда кеңінен тараған бір аңыз бар.
Тойбастар ысырапшылдық па, жоқ әлде...
Бір келіннің қайын жұртында Көлбай, Бұлақбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қойлыбай, Қайрақбай және Пышақбай дейтін қайнағалары болса керек. Бір күні суға барған келін кішкене бұлақтың ар жағында, көлдің бер жағындағы қамыс ішінде қойға тиген қасқырды көріп, шелегін тастай салып ауылға жүгіріпті де, үйге жетер-жетпесте атасына көзі көрген жағдайды:
"Ата-ата! Сарқыраманың ар жағында, жалтыраманың бер жағында, сылдыраманың ішінде маңыраманы ұлыма жеп жатыр, жанымаңызды білемеге білеп-білеп алып тез жетіңіз", деп баяндапты-мыс.
Осылайша, қой дегенді "маңырама" деп Қойлыбай атасының атын, қайрақты "жаныма" деп Қайрақбай атасының атын, қасқырды "ұлыма" деп Қасқырбай атасының атын, қамысты "сылдырама" деп Қамысбай атасының атын, бұлақты "сарқырама" деп Бұлақбай атасының атын, көлді "жалтырама" деп Көлбай атасының атын, пышақты "білеме" деп Пышақбай атасының атын тергеген деседі.
"Үйге кіріп келе жатқан бала құлап қалса..." Қазақтың ырым-тыйымы туралы не білеміз?
Тағы бірде жолаушылар су әкеле жатқан әйелден: "бұл кімнің ауылы?" деп жөн сұрапты. Сонда келіншек "өзінде ғана бардай, өзгеде жоқтай атамның ауылы" депті. Сөйтсе бұл Көтібар ауылы екен.
Деректер Х.А.Арғынбаевтың "Қазақ халқындағы семья мен неке", Сейіт Кенжеахметұлының "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітаптары мен ашық дереккөзден алынды.