Дерекқор

"Үнемі күліп жүретін": танымал әнші Батырхан Шүкенов туралы не білеміз?

Қазақстандық және ресейлік танымал әнші, саксофоншы Батырхан Шүкенов туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз.
Sputnik

Балалық шағы

Батырхан Шүкенов 1962 жылдың 18 мамырында Қызылорда қаласында дүниеге келді. Әкесі — Қамал, анасы – Дилара. Қамал Шүкенов 1970 жылдан 1998 жылға дейін Қызылорда облысының қаржы бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Батырхан – үйдің ортаншысы. Оның 2 ағасы мен қарындасы бар. 1979 жылы ол Қызылордадағы Островский атындағы № 233 орта мектепте оқиды. Оқушы кезінде музыка үйірмесіне қатысады.

Дилара Шүкенова ұлының бала кезінен музыкаға бейімі болғанын айтады.

"Әкесі екеуміз қаржыгерміз. Ол біздің жолымызды таңдағанын қаладық. Алайда 6-7 жасында ұлымның музыкалық қабілеті бар екені байқалды. Жалпы балаларымыздың музыкаға бейімі бар. Бірақ ауладағы балалармен ойнаудың орнына Батырхан музыкамен шұғылданды. Бір күні ол музыкалық байқауға қатысатын болды. Оған дейін біз мұны балалық хобби шығар деп, оған аса мән берген жоқпыз. Сондықтан біз одан мұндайды күткен жоқпыз. Бірақ Батырханның талантты екенін ұстаздары байқап, оның музыкалық қабілетін шыңдады", - дейді әншінің анасы  "Моя история" бағдарламасына берген сұқбатында.

Ал әкесі Қамал Шүкенов баласының өнер жолын таңдағынына алғашында қарсы болыпты.

"Бір күні әкем балам әртіс болатынын" айтты деп ренжіп келді. Мен әкеме "неге сіз ренжіп отырсыз? Ол сол жолды таңдаса, солай болады ғой" дедім. Әкем "ол әртіс болғысы келсе, бірінші болуы керек. Жай әртіс қажет емес деді. Ал Батырхан әкеме "мен бірінші боламын" депті. Бұған әкем жауап бере алмаған. Тек "нені қаласаң, соны істе!" деп жауабын қысқа қайырыпты. Осылай өнер жолына қадам басты", - дейді Батырханның ағасы Бауыржан Шүкенов.

Ал Батырхан журналистерге берген сұқбатында ата-анасына ризашылығын білдіретінін, олардан ақшаны дұрыс жұмсауды үйрегенбегенін айтты.

"Менің әке-шешем қаржыгерлер, сондықтан олар ақшаны қалай жұмсау керек екенін жақсы білетін. Бірақ, олар балаларына ақшаны қалай дұрыс жұмсау керектігін үйретпеген сияқты. Мен ақшаны оңды-солды босқа шашатындардың бірімін", - деді ол.

Әнші қайда білім алды?

Қазақстандық әнші мектепті бітірген соң, Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербор қаласы) Надежда Крупская атындағы мәдениет институтына оқуға түседі. Бұл оқу орнында саксофонның оркестрлік бөлімінде екі жыл білім алады. Саксофонда ойнауды Батырханға әлемге белгілі музыканттар Геннадий Гольштейн мен Владимир Рабиктан үйретеді.

1981 жылы Шүкенов Алматыдағы Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы мемлекеттік консерваторияға ауысты. Шүкенов КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға алғысын білдірді.

"Менің ата-анам мен Бибігүл Төлегенованың арасындағы достық бұрыннан бар. Бала кезімнен жақсы білемін, Бибігүл Төлегенова гастрольмен Қызылордаға келгенде қонақүйге емес, біздің үйге түсетін. Оның еріксіз өзіне баурап алатын дауысын да бала кезімнен жақсы білемін. Ол кісінің өміріме әсері өте үлкен. Бибігүл Төлегенова Алматыдағы консерваторияның жанынан саксофон сыныбын ашты. Мен соның алғашқы түлегі болдым", - дейді Батырхан Шүкенов қазақстандық БАҚ-қа берген сұқбатында.

Тағы оқыңыз: Батырдың жеке куәлігін дер кезінде жоймаған

Ал 1982 жылы Батырхан Байғали Серкебаев, Владимир Миклошич пен Болат Сыздыков секілді музыканттармен танысты. Кейін музыканттар әншіні өз музыкалық тобына саксофоншы болуға шақырады. Байғали Серкебаев Батырханмен қалай танысқанын есіне алады.

"Батырханмен ортақ досымыз, саксофоншы, алматылық музыкант Гарик Геллердің үйінде таныстық. Ол мені үйіне қонаққа шақырды. Керемет музыкантпен таныстырамын деді. Гарик оның Петербург қаласындағы мәдениет институтында білім алғанын айтты. "Тыңдап көріңдерші. Ол талантты, жас музыкант" деді. Үйге барсақ, Батырхан шай ішіп отыр екен. Осылай онымен таныстым", - дейді A-Studio тобының негізін қалаушы "Моя история" бағдарламасында.

Батырханның шығармашылық жолы

  • Ол 1982 жылы "Арай" тобында саксофоншы болады. Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаевамен бірге өнер көрсетеді. Топтың құрамында Батырхан джаз композицияларын орындай жүріп, өзін альт- және тенор-саксофон виртуозы ретінде көрсетеді;
  • 1983 жылы Бүкілодақтық эстрада әртістері байқауының лауреаты атанды. Ал 1985 жылы Батырхан Шүкенов Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіреді;
  • 1985-1986 жылдары кеңес әскері қатарында отан алдындағы борышын өтейді;
  • 1987 жылы Батырхан "Арай" тобынан кетіп, "Алма-Ата" деген атаумен музыкалық топ құрады. Өзінің жеке шығармалығын бастайды.

A-Studio тобы қалай құрылды?

"Алма-Ата" тобы "Мелодия" фирмасында "Путь без остановок" (барлығы 8 ән, оның 2 әні – қазақша) деген атаумен өздерінің алғашқы альбомын шығарады. Ал 1988 жылы олар топтың атын "Алма-Ата Студио" деп өзгертеді. Ал Батыр бұл ұжымның фронтмені болады. Кейін топтың аты – A-Studio болып өзгереді.

1989 жылы музыканттар алғашқы бүкілодақтық "Джулия" хитын шығарады. Алла Пугачева бірден топпен танысып, оларды Мәскеуге жұмыс істеуге шақырады. Олар "Рождественские встречи" бағдарламасына қатысқан соң, A-Studio тобы бүкіл одаққа танымал болады.

Музыканттар Алла Пугачеваның ән театрында 1989-1994 жылдар аралығында жұмыс істейді. Батырхан Шүкеновтың айтуынша, A-Studio тобының музыканттары Алла Пугачевамен шынайы дос болған. "Алла Борисовнаға жиі қонаққа барып, әңгіме-дүкен құратынбыз" дейді әнші.

"Отан Ана" альбомы

2000 жылдың күзінде Батырхан A-Studio тобынан кетіп, этникалық музыкаға оралуға шешім қабылдайды. Ал 2002 жылы Батыр өзінің алғашқы жеке альбомы "Отан ананы" жарыққа шығарды.

"Ол топтан кеткеннен кейін басқа форматтағы музыканы жазғысы келді. Менің ойымша, ол "Отан ана" альбомы еді. Бұл жобада Батырхан екеуміз жарты жылдай бірге жұмыс істедік. Альбом туралы көп сөйлестік. Мен бір нәрсені анық білемін. Ол барлық әнін халқына арнады", - дейді композитор, продюсер Ренат Гайсин.

Ал ресейлік танымал әнші Валерий Меладзе Батырханның туған жері мен ұлтын жақсы көргенін айтады.

"Қазақстанға бармай тұрып, Батырмен таныстым. Осылайша, Қазақ елін жақсы көріп қалдым. Ол өз ұлты мен туған жерін жақсы көретін. Батыр осы махаббатын бізге берді", - дейді Меладзе.

Жеке өмірі

Батырхан Шүкенов Екатерина Шеляковамені 20 жылдай бірге тұрады. Бірақ некелерін заңдастырмады. 2002 жылы Мақсұт есімді әншінің жалғыз ұлы өмірге келеді. 2015 жылы Екатерина ұлын алып, АҚШ-қа көшеді. Батырхан бұрынғы әйелі мен баласы арасындағы байланысты үзбейді. Мұхит асып, ұлын көруге барып тұрады.

2008 жылдың қарашада 46 жастағы Батырхан Санкт-Петербург қаласында Әйгерім есімді қызға үйленеді. Бұл некеде бала болмайды.

Әншінің Қазақстандағы қызметі

  • 2005 жылы Батырхан "Твои шаги" әнімен Киевте өткен "Евровидение - 2005" музыкалық сайысына  қатысады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Батыр жетінші орынды иеленеді;
  • 2007 Алматыдағы республика сарайында "Батыр LIVE" альбомы жарық көреді;
  • 2007-2015 жылдары Батырхан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет саласындағы кеңесшісі қызметін атқарады;
  • 2009 жылдың 20 қарашасында Батырхан Шүкенов Қазақстандағы ЮНИСЕФ елшісі болады;
  • 2010 жылы "Осторожно, милая девушка!" атты Батырхан Шүкеновтің төртінші жеке альбомы шығады;
  • 2010 жылдың 7 желтоқсанында Батырхан Шүкенов "Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері" атағын алады;
  • 2013 жылы Батырханның соңғы "Душа" альбомы шықты; 
  • 2013 жылы "Россия-1" телеарнасындағы "Живой звук" телебағдарламасының жеңімпазы атанды. Ал 2015 жылы әртіс "Россия-1" телеарнасындағы "Один в один!" музыкалық бағдарламасына қатысады.

Орны толмас ауыр қаза

Әнші 2015 жылдың 28 сәуір күні кенеттен жүрегі тоқтап, Мәскеуде қайтыс болды. Дәрігерлер әншінің өмірін сақтап қалу үшін бірнеше сағат бойы күрескен.
Дилара Шүкенова ұлының қазасы өзіне ауыр тигенін айтады.

"Сол күні ұлыма өзім хабарластым. Ол маған "Мама, менде барлығы жақсы. Уайымдамаңыз. Қазір гримге барамын. Репитициядан соң, өзім 10:30-да хабарласамын" деді. Сондықтан ұлыма хабарласқан жоқпын. Кейін осы уақытта оның жағдайы нашарлап, көз жұмыпты", - дейді әншінің анасы "Моя история" бағдарламасында.

Ол Батырхан дүниеден озбас бұрын түс көргенін айтты.

"Түсіме күйеуім, Батырханның әкесі кірді. Ол өзімен бірге біреуді қолынан ұстап, алып кетті. Мен олардың артынан жүгірдім. Күйеуімнің кімді алып кеткенін көргім келді. Бірақ біле алмадым. Кейін әкесінің Батырханның артынан келгені белгілі болды", - деді Дилара Шүкенова.

Батырхан қандай адам

Батырхан Шүкеновтың өнердегі әріптестері оның адамгершілігі мол, мейірімді азамат екенін айтады.

"Ол ешкімге ренжімейтін. Егер оны біреу ренжітсе, Батырхан ол адаммен ұрыспайтын. Тіпті, "жаман адам" деп артынан сөз айтпайтын", - дейді әншінің досы Олжас Байқанов .

Ал ресейлік әнші Владимир Пресняков қазақстандық әншінің бірде-бір жаман мінезін байқамағанын айтты.

"Батыр – күн сияқты еді. Үнемі күліп жүретін. Жаман мінезін ешкім көрген емес", - дейді ол.

Сондай-ақ, Ресейдің танымал әнші Валерия Меладзе Батырханның жақсы адам болғанын еске алды.

Тағы оқыңыз: Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова туралы не білеміз?

"Петербург қаласында концертім өтіп жатты. Бір қарасам, алдымда қолында бір шоқ гүлі бар Батыр тұр. Бұл 2014 жылдың күзі еді. Концерттен кейін екеуміз көп сөйлестік. Әңгіме барысында ол мен үшін шын пейілімен қуанышты екенін байқадым. Шоу бизнесте жақсы адамдар көп. Бірақ олар Батырдай болмайды", - дейді әнші.

Оның есімі халық жадында

Халық сүйікті әншілерінің өлімін ауыр қабылдады. Қазақ өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Батырханның өнерін жоғары бағалайтын қазақстандықтар астанадағы Есіл жағалауына жиналып, сүйікті әншінің әндерін орындап, еске алды.

Ал Алматылық тыңдармандар "Арман" кинотеатрының алдына жиналды. Адамның көп болғаны соншалық олар алаңға сыймады.

2015 жылдың 1 мамырында Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония ғимаратында Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі өтті. Әнші Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.