Экономика

"Қазақтың қонақжайлығы аздық етеді": Қазақстанға туристер неге аз келеді?

Туристер көшеде жүрген халықтың көңіл-күйін бірден сезеді. Сыпайы қарым-қатынас болмаса, қайтып келмейді және басқаларға да бармауға кеңес береді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр – Sputnik. Kazakh Tourism ұлттық компаниясы туристердің азаюына себеп болып отырған негізгі мәселелерді атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Компанияның басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиевтің айтуынша, шетелде қонақты қазақ сияқты күте алмайды. Ол жақта, көбінесе, сыртқы туристік қызметтерді дамытуға басымдық береді. Ал қазақ халқы қонақты өз үйінде жақсы қарсы алады, келген адамды риза қылып жібереді. Туристер таң қалып, тамсанып кетеді. Алайда көшеге шыққаннан кейін көтеріңкі көңіл-күйлері су сепкендей басылады.

"Иә, шетелдік туристер көшеде жүрген халықтың ізгі ниеті мен сыпайы қарым-қатынасын бірден сезеді. Дәл осы мәселені туристерді тартудың басты ресурсы деуге болады. Қазақстанға туристерге көптеп келсін десек, шекарашыдан бастап таксист пен көше сыпырушыға дейін, тіпті, жай көшеде бір нәрсеге көмектесетін адамға дейін барлығы ізгі ниеттерін көрсетуі керек. Сонда турист те, ақша да келеді. Бізге туристік мәдениетті көтеру керек", - дейді Дүйсенғалиев Sputnik Қазақстан мульимедиялық баспасөз орталығында өткен брифингте.

Ресми мәліметке сәйкес, осыдан бес жыл бұрын Қазақстанға Қытайдан 228 мың турист келіп кетті. 2015 жылы – 111 мың, 2016 жылы – 117 мың, ал ЭКСПО көрмесі өткен 2017 жылы 94 мың қытайлық турист келді. Былтыр олардың саны екі есеге азайып, 51 мың адамға дейін төмендеген. Осылайша, шетелдік туристер басқа елдерді таңдайды, олармен бірге ақша да басқа мемлекеттерге кетіп жатыр.

"Қазақтың қонақжайлығы аздық етеді": Қазақстанға туристер неге аз келеді?

"Туристер бәрін көргісі келеді. Ұлтық тағамдарды даярлау салтына қатты қызығады. Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткен жөн, туристердің 30 проценті шетелге шығардың алдында сол елдің тамағын зерттейді. Сосын олар жаңа бір ортаны іздейді. Мәселен, қазақтың тойына қатысып, баланың тұсаукесерін көргісі келеді. Қыз ұзатудың да эмоциясы бөлек. Осының бәрін көрсету керек. Тарихи-мәдени ескерткіштеріміз қаншама. Туристер биік ғимараттар мен қымбат көліктерге қызықпайды. Оларға жаңа орта, жаңа эмоция керек", - деп атап көрсетті Дүйсенғалиев.

Тағы оқыңыз: Қытайлар қазақтың киізіне қызыға бастады

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда туризмді дамыту үшін табиғат та, мәдениет те, салт-дәстүр де бар. Жеріміз кең. Алайда инфрақұрылым мәселесі өзекті болып тұр. Турист келгісі келеді, әдемі жерді көргісі келеді. Бірақ түнейтін жер жоқ, бірнәрсе сатып алуға мүмкіндік болмайды. Қызмет көрсету дәрежесі төмен. Содан ол турист тоқтамай, өтіп кетеді. Ал, ең бастысы, онымен бірге ақша да басқа жаққа кетіп қалады.