Дерекқор

Брюс Лиден де мықты: 6 дан дәрежесін алған тұңғыш қазақ Мұстафа Өзтүрік туралы не білеміз?

Даңқты спортшы, таеквондодан 6 дүркін әлем чемпионы, 6-дан иегері, Қазақстанда таеквондо федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүрік туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Балалық шағы

Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы Түркияның Қайсері қаласына қарасты Мұсаходжалы ауылында дүниеге келген. Найман тайпасының Байжігіт руынан шыққан.

"Ата-бабамыз Шығыс Қазақстаннан екен. Аталарым Әлкенбай, Төлебай деген кісілер болған. Олар ел басқарған, би болған азаматтар. Әкемнің аты – Кәбен. Ол кісі кітаптар жазған. Бірақ баспаға шықпаған. Халық әкемді қажы Кәбен деп таниды. Ол балуан болыпты", - дейді спортшы "Барып қайт, балам ауылға" деректі фильмінде. 

Кәбеннің екі әйелі болған. Алғашқы жары Мәликеден ұрпақ болмапты. Содан 1941 жылы Рәзияға есімді қызға үйленеді. Бірақ оның алғашқы екі баласы шетінейді. 1954 жылы Мұстафаны, кейін Ферухан атты қызды өмірге әкеледі. Кәбеннің бәйбішесі Мәлика Мұстафа мен Феруханды өз баласындай жақсы көріпті.

Мұстафа Өзтүрік әкесінің тағдыры ауыр болғанын, ата-анасының Түркияға жетуі үшін қаншама қиындық көргенін былайша баяндайды:

"Әкем Шығыс Қазақстаннан Қытайдың Баркөл деген жеріне орналасыпты. Сол жерден көш басталады. Алтай, Гималай тауларын асып, шөлдерді өтіпті. Жолда мыңдаған қазақ қырылыпты. Олар Тибетті асып, кейбіреуі Үндістан, Пәкістанға барған. Сол жақта қоныстанып, біраз уақыт тұрған. Он шақты жыл тұрған қазақтар да болыпты. Бірақ біздің ауыл онда көп тұрмаған екен. Сөйтіп, Түркияға барған. Түркиялықтар бізді "бауырымыз, қандасымыз" деп, қазақтарға үй, жер, жәрдем берген". 

Танымал спортшының алған білімі

Екі ананың арасында өскен Мұстафаны ешкім бетінен қақпаған. Стамбұлдағы орта мектептердің бірінде білім алған. Кейіннен Тайваньдағы эксперименталды университетті және сол елдегі халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетінде білім алған. Қытайға оқуға түскенде Мұстафа 14 жаста болыпты. Ол қазақ тілінен бөлек, түрік, неміс, жапон, қытай, корей тілдерінде сөйлеген.

"1970 жылы Қытайдың Тайвань деген жеріне оқуға кеттім. Ол жердегі мектепте білім алдым. Қытайша үйрендім. Менімен бірге қазақтың жігіттері болды. Жоғары оқу орнын сонда бітірдім. Корея, Жапония, Гонконг әрі Азияның көптеген елінде болдым", - дейді ол деректі фильмде.

Спортқа қалай келді?

1975-1980 жылы Тайбей қаласындағы халықаралық саясат университетінде халықаралық журналист мамандығы бойынша білім алады. Сол жақта корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренеді.

"Бұл спорт түрі осыдан 2 мың жыл бұрын Кореяда пайда болған. Тэ – аяқ, кон – жұдырық, до – рух, жол, тәртіп және басқа да мағыналарды білдіреді. Яғни "таеквондо" жұдырық, аяқ, рух пен тәрбиенің жолы деген мағынаны білдірсе керек. Спорт мектебімді ашпас бұрын ұстаздарымның мектебінде сабақ бердім. 1977 жылы таеквондодан 4 данды алдым", - дейді Мұстафа Өзтүрік.

Кейін ол бұл спорттағы шеберлігін шыңдай түседі. Сөйтіп, таеквондодан 6 данды иеленген алғашқы қазақ болады. Сондай-ақ таеквондодан 6 дүркін әлем чемпоны атанады. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қаласында таеквондо мектебін ашады. Сонымен қатар Германияда арнайы қарулы күштер мен полицейлерді жауынгерлік өнерге баулиды.

1980 жылы Мұстафа Өзтүрік жаттықтыратын таеквондодан Түркия құрамасы сенсация жасап, әлем чемпионатында екінші орынға ие болады.

Брюс Лимен кездесу

Қытайдың жауынгерлік өнерін насихаттаушы, АҚШ актері, режиссер Брюс Ли Мұстафа Өзтүрікпен таныс болған. Брюс Лиде таеквондодан 4 дан болса, қазақ спортшысында 6 дан болған. Қазақ спортшысы өзінің әріптесінің еңбегін жоғары бағалаған екен.

"Брюс Лиді білмейтін адам жоқ деп ойлаймын. Онымен бірге жаттығу жасадық. Оның қызметі спортпен ғана шектелген жоқ. Брюс Ли әлем чемпионы да болған жоқ. Бірақ ол еліне қызмет етті. Егер сен еліңе қызмет істей алсаң, онда сен азаматсың", - дейді Мұстафа Өзтүрік қазақстандық журналистерге берген сұқбатында.

XX ғасырдың орта тұсында батыс елінде шығыс спортшыларын киноға түсіру кеңінен етек алады. Әсіресе, Брюс Лиге деген қызығушылық күшті болды.

Түркия осы мақсатта Мұстафа Өзтүрікті киноға түсірмек болады. Алайда Мұстафа оған келіспей, бала-шағасымен бірге Германияға кетіп қалады.

Атажұрт

1990 жылдың көктем айында сол кездегі комсомол хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың шақыруы бойынша әлемді мойындатқан спортшы атажұртқа оралады. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыда спорт мектебін ашады.

"Мюнхенде кореялық ұстазым Хон Сан Нэнің құрметіне "Хон" деген таеквондо мектебін аштым. Ол маған қаншама жыл осы спорт түрінен сабақ үйретті. Сондықтан рақметімді айту керек болды. Осыдан соң, Түркияда бір спорт мектепбін аштым. Ол Стамбұлдағы қазақтар тұратын жерде орналасты. Енді Қазақстанда бауырларым үйренсін деген ниетпен мектеп ашып жатырмыз. Уақытымыз болғанда мұнда жиі келіп тұрамыз. Жақсы спортшыларды шетелге алып кетіп, шеберліктерін шыңдаймыз", - деді ол "Барып қайт, балам ауылға" деректі фильмінде.

Тағы оқыңыз: Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы не білеміз?

Спортшы Қазақстанға келгеннен кейін таеквондодан республикалық федерация құрып, сол ұйымның президенті болды. Қазақ спортының тарихында алғаш рет таеквондошыларды халықаралық жарыстарға, әрі Түркия мен АҚШ-қа апарып, ірі жеңіспен оралып жүрді.

"Кейде ойлайсың, "барлығының елі бар, менің елім қайда?" деп. Мен әлемді көрдім. Енді өз елімді көрдім. Несін айтасыз, үлкен айырмашылық бар. Сондықтан еліме өз біліміммен, күшіммен көмектесу үшін елде қалуды шештім", - деді таеквондошы сұқбаттарының бірінде.

"Сендер Мұстафа Өзтүрік болмаңдар!"

Таеквондодан 6 дүркін әлем чемпионы өте қарапайым болған. Ол қазақ балаларына ғылым мен білім саласында еңбек етуге кеңес беріпті.

"Ауылда жүрген кезде балалар жүгіріп келеді де, "мен Мұстафа Өзтүрік" боламын дейді. Мені кішкентай балалар жақсы көреді ғой. Оларға: "Сендер Мұстафа Өзтүрік болмаңдар! Ғалым, жазушы, ақын, педагог болыңдар!" деймін. Мен ең оңай жолды таңдадым. Ашығын айтқанда менікі қара күш қой. Чемпион болу – оңай, адам болу – қиын", - деген еді Мұстафа Өзтүрік. 

Даңқты спортшының жұмбақ өлімі

Мұстафа 1995 жылдың 11 наурызында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан кикбоксинг жарысын тамашалауға барады. Жарыс аяқталғаннан кейін спортшы өзін жайсыз сезінеді. Дәрігерлер Мұстафаны Алматы қаласындағы Қазақстан президенті іс басқармасы медициналық орталығының клиникалық ауруханасына жатқызады. Ал 1995 жылдың 15 наурызында 6 дүркін әлем чемпионы, 6 дан иегері атанған қазақ спортшысы өмірден озады.

Тағы оқыңыз: Данияр Елеусінов туралы қызықты деректер

"15 наурызда оның жағдайы қиындайды. Кешкі бес жарымда ол көз жұмды. Оның жанында болған достары "Оны біреулер улаған" деді. 1995 жылдары елде рэкетирлік уақыт еді. Біреулерге Мұстафаның елге келіп, көтеріле бастағаны ұнамаса керек. Біздің болжамымызша, оның тамағына у қосқан сияқты", - деді Мұстафа Өзтүріктің досы Мамет Дамир.

Алайда Қазақстан президенті іс басқармасы медициналық орталығы "спортшы қастандықпен өлтірілді" деген мәліметті растаған жоқ.

Мұстафа Өзтүріктің жаназасы 17 наурызда Алматы қаласындағы Орталық мешітте өтті. Орталық мешіттен Алматы әуежайына дейін жиналған халық спортшының денесін көтеріп, 13 шақырым жаяу жүрді.

Қарындасы Феруханның және туыстарының шешімімен Мұстафа Өзтүрік Ыстамбұлдағы қазақтар көп тұратын Гүнешлі ауданындағы зиратқа әкесінің жанына жерленді.

Мұстафа Өзтүрік есімі халық жадында

1991 жылы кинорежиссер Қалила Омаров "Барып қайт, балам ауылға" фильмін түсіреді. Ал белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаев танымал спортшы туралы "Мұстафа" кітабын жазады.

Сондай-ақ Алматыдағы көшелердің біріне Мұстафа Өзтүріктің есімі беріледі.

2014 жылы Мұстафа Өзтүрік жайлы "Алаштың айбоз ұлы" деректі фильм түсірілді.