Саясат

Мәжіліс ядролық қаруға тыйым салатын тарихтағы алғашқы құжатты мақұлдады

Шарт ядролық қаруды сынауға, сақтауға және өз аумағында орналастыруға тыйым салуды көздейді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Мәжіліс депутаттары ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев ядролық қаруға заңды тұрғыда тыйым салу оның толық жойылуы үшін қажетті алғашқы қадам екенін атап өтті.

"Шарт бұрын тыйым салынбаған жаппай қырып-жою қаруларының соңғы түрі – ядролық қаруға заңды тұрғыда тыйым салатын тарихтағы алғашқы халықаралық құжат. Шарт ядролық қару және ядролық жарылғыш құрылғыны өндіру, сынау, сатып алу, беру, сақтау және өз аумағында орналастыруға тікелей тыйым салады", - деді Ашықбаев мәжілістің жалпы отырысында.

Бұған қоса, шарттың ережелеріне сәйкес, ядролық қаруды пайдалануға және оны қолдану тұрғысынан қорқытуға тыйым салынған. Құжат 50 мемлекет ратификациялағаннан кейін күшіне енеді. Қазір шартқа 70 мемлекет қол қойған, 23 мемлекет ратификациялады.

Тағы оқыңыз: Солтүстік Корея ядролық сынақтан бас тартатынын мәлімдеді 

"Шарттың күшіне енуі реалистік бағамдар бойынша төрт-бес жылға созылуы мүмкін. Құжатты қабылдау ядролық қарусыздану үрдісінде көптеген жылдарға созылған тоқырауға және ядролық державалардың бұл мәселе бойынша ортақ пәтуа таба алмауына жауап ретінде, яғни ядролық емес мемлекеттер тарапынан қабылданған мәжбүрлі шара ретінде қарастырылуда", - деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, соңғы екі онжылдықта ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай прогрестің жоқтығы байқалып отыр. Ядролық сынақтың тоқтатылуына қарамастан, қару-жарақтың жаңа түрлерін шығару мен оларды жеткізу құралдарын жетілдіру мәселесі әлі де өзекті.

"Шартты ратификациялау Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларымен толықтай сәйкес келеді. Заң жобасын қабылдау республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат бөлуді талап етпейді", - деді Ашықбаев.

Тағы оқыңыз: Қытайда Трамптың "ядролық чемоданының" кесірінен жанжал шықты

Мәжіліс депутаттары ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратиификациялау туралы заң жобасын бірауыздан мақұлдады.