Қоғам

Мемлекеттік қызметшілер 1 миллион теңгенің бонусын қайда жұмсады?

Мемлекеттік қызметшілер бонустардың арқасында баспана мен көлік сатып алған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бонустық жүйенің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Агенттік төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың айтуынша, бонустық жүйенің арқасында жұмыстың тиімділігі арта түсті. Қызметкерлер нақты нәтижеге жетуге тырысады. Соған қарай бонусты көбірек алып, тұрмыстық жағдайды жақсартуға мүмкіндік бар.

Тағы оқыңыз: Қай мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өседі?

"Жалпы, бонустардың көлемі бес жалақының мөлшерін құрады. Ол, шамамен, 1 200 000 теңге. Осы бонустардың арқасында агенттік қызметкерлері өз жағдайларын жақсартып алды. Біздің есебімізге сәйкес, қызметкерлердің 38 проценті өз кредиттерінің бір бөлігін өтей алады. Ал мамандардың 12 проценті көлік сатып алуды жоспарлап отыр", - дейді Шайымова.

Жаңа жүйенің негізінде тиімсіз қызметкерлер де анықталды. Талдауға сәйкес, агенттікте ең жоғары көрсеткішке ие болған қызметкерлердің саны 10 процентті құрады. "Тиімді" деген деңгейге жеткендер – 36%, "Қанағаттанарлық" дәрежеде – 41%, "қанағаттанарлықсыз" деген бағаны алғандар да бар. Олардың саны 10 процентті құрап отыр.

Тағы оқыңыз: Жалақы 1 шілдеде көтерілмейді: Тоқаев үкіметке тапсырма берді

Айта кетсек, 2018 жылдан бастап агенттік жаңа еңбекақы жүйесін енгізген болатын. Ол екі бөліктен тұрады: тұрақты жалақы және бонустар жүйесі. 

"Бірінші бөлім бойынша бәрі түсінікті. Тұрақты жалақы белгіленді. Агенттік қызметкерлерінің жалақысы екі есеге артты, ал жүргізілген оңтайландыру мен әкімшілік шығыстарды қысқарту атқарушы құрамға қосымша 30% -тен 60% - ке дейін үстеме төлеуге мүмкіндік берді. Бонустарға келетін болсақ, мұнда қызметшілердің жыл ішіндегі тиімділігі мен нәтижелілігі ескеріледі" - , деп жазды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өзінің Facebook - тегі парақшасында. 

Пилоттық жобаға Әділет министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысының әкімдігі қатысқан.