Қоғам

Полицейлер мен жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің текетіресі немен аяқталды

Атыраулық полицейлер жемқорлыққа қарсы бюро қызметкерлері мінген көліктерді тоқтатқан болатын. Содан кикілжің шығып, арты дауға ұласып кеткен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро полицейлердің әрекетіне баға беріп, өз қызметкерлеріне қатысты шара қолданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Басқарма басшысы Ақбілек Мядыеваның айтуынша, 17 ақпан күні Атырау қаласының полицейлері ұлттық бюроның мамандары мінген көліктерді тоқтатқан болатын.

ҰҚК Нұр-Сұлтанда полицейлерді ұстағанын мәлімдеді

"Аталған жағдай жұмыстан бос уақытта – жексенбі күні болғанын назар аударуыңызды сұраймыз. Қоғамда жат қылықтар және мас күйінде жүру фактісі анықталған жоқ. Қызметкерлер көліктің жолаушылары болған", - дейді Мядыева.

Оның сөзіне қарағанда, екі көлік те қызметтік авто емес. Ал жүргізушілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарда жұмыс істемейді. Сол себепті аталған факт қызметтік іс-әрекетпен байланысты емес.

Полиция қызметкері болса, екі көлікті де балықты заңсыз аулауға қатысты тексеру аясында тоқтатқан екен. Алайда көлік тоқтатылған жер Ақжайық мемлекеттік резерватына жатпайды.

"Демек, тексеру табиғат қорғау аймақтан тыс жүзеге асырылған. Бұдан бөлек, "Бекіре – 2019" балық қорғау акциясы және оған байланысты браконьерлікпен күрес бойынша рейдтік шаралар осы жылы 1 сәуірде басталған, яғни ақпанда болған оқиғадан кейін бір жарым ай өткен соң", - деп атап көрсетті басқарма басшысы.

Агенттік полицейлердің әрекеті заңсыз деп отыр. Себебі олар көліктерді тоқтатқанда өздерін таныстырған жоқ, қызметтік куәліктерін де көрсетпеді. Осыған байланысты ішкі істер министрлігінің қауіпсіздік қызметі полицейлерге қатысты тексеру шараларын бастап кетті. Ал агенттік басшысы бірқатар қызметкерді жұмыстан босатты.

"Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство қызметкерлерінің әдеп және моральдық бейнесіне жұмыста да, қызметтен тыс жерде де қатаң талаптар қояды. Осыған байланысты Атырау облыстық департамент басшының орынбасары Уаисов атқарып отырған лауазымынан босатылды. Басқарма басшысы Убайдулин қызметке толық сәйкес емес деп танылды. Ал олардың басшысы Сапаровқа қатаң сөгіс жарияланды", -  деп атап көрсетті ол.