Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев теледебатқа қатыса ма – саясаттанушы пікірі

Бүгін ақпарат және қоғамдық даму министрі президенттікке кандидаттар арасында теледебаттың ұйымдастырылатынын мәлімдеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Президенттікке үміткерлердің пікірталасы болса да, өткір сауалдарды күтудің қажеті жоқ. Саясаттанушы Әділ Қаукенов Қазақстан-Ресей сарапшылар форумында осындай пікірін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның ойынша, сайлауалды үгіт-насихат аясында теледебаттарды өткізген дұрыс. Өйткені халық мұндай шараларға қатты қызығады. Қазақстандықтар АҚШ пен Украина сияқты шет елдерде өткен теледебаттарды да қызығып көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев теледебатқа қатыса ма?

"Енді, оған Nur Otan партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев қатыса ма, жоқ па, ол жағын айту қиын. Себебі ол қысқа уақыттың ішінде барлық аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесуді жоспарлап отыр. Ал теледебаттарға қатысу үшін уақыт қажет. Егер Қасым-Жомарт Тоқаев дебатқа қатысса, онда халықтың осы шараға деген қызығушылығы арта түседі. Себебі бәрі қазіргі президенттің пікірталас кезінде өзін қалай ұстайтынын көргісі келеді", - дейді Қаукенов.

Саясаттанушының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев дебатты ойдағыдай өткізе алады.

"Себебі оның дипломатиялық тәжірибесі мол. Оған қоса, Біріккен ұлттар ұйымында біраз уақыт еңбек етті. Алайда дәл қазір оның теледебатқа қатысу жағы белгісіз. Қасым-Жомарт Тоқаев дебатқа шықпаса, сайлаушылармен кездесу шараларына басымдық беретін болады", - дейді саясаттанушы.

Ал саясаттанушы Андрей Чеботарев қазіргі президентке теледебатқа шығу қажет деп санайды. Себебі кандидат Жамбыл Ахметбековтен басқасының бәрі сайлауға алғаш рет қатысып жатыр.

"Мәселен, тұңғыш президент үшін теледебатқа қатысудың қажеті жоқ. Ал Тоқаев үшін бұл - үлкен мүмкіндік. Ол халықтың алдында өзін көрсете алады. Басқа кандидаттар да кеңінен таныла алады. Әсіресе, Әміржан Қосанов үшін тиімді. Себебі оны адамдар жақсы біледі, бірақ өзі теледидардан көп көріне бермейді", - деді Чеботарев.

Украинадағы пікірталасты Қазақстанда көре аламыз ба?

Сарапшылардың ойынша, дебаттар кезінде өзекті деген мәселелердің бәрі көтеріледі. Алайда қызу пікірталас болмайтын сияқты.

"2016 жылы бізде парламент сайлауы кезінде бір дебаттар болды. Оған барлық партиялардың өкілдері қатысты. Сол кезде өткір сұрақтар болған жоқ, қызу пікірталасты да байқамадық. Осы жолы да солай болатын сияқты", - дейді сарапшы.

Әділ Қаукенов те теледебаттар сайлауалды уәделермен шектеледі деп санайды. Сондықтан  күтпеген мәлімдемелер болмайды. Қазақстандағы теледебаттарды Петр Порошенко мен Владимир Зеленский арасындағы пікірталаспен салыстыруға келмейді.

"Біздегі дебаттар Зеленский пен Порошенко арасында болған пікірталасқа ұқсамайды. Әрине, әрбір кандидаттың өзінің "фишкасы" болады. Кейбіреулері популизмге де салынатын шығар. Оны қазірдің өзінде байқауға болады", - деді Қаукенов.

Айта кетсек, Қазақстанда президент сайлауы алдындағы теледебат 2005 жылдың 17 қарашасында өткен болатын. 14 жыл бұрын ҚР Орталық сайлау комиссиясы "Хабар" телеарнасында Қазақстан президенттіне кандидаттар арасында пікірталас ұйымдастырды. Оған төрт кандидат: Ерасыл Әбілқасымов, Әлихан Бәйменов, Мэлс Елеусізов және Жармахан Тұяқбай қатысты. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пікірталасқа қатысқан жоқ.

Осы жолы Қазақстан президенттігіне жеті адам таласады. Олар:

  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.