НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Алматы – Бішкек тасжолында Lada және Toyota Camry көліктері соқтығысып, 9 адам көз жұмды, деп хабарлайды Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларының мәліметіне сәйкес, қаза болғандардың арасында 3 әйел бар. Олар Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан және Алматы облыстарының тұрғындары.
Тағы оқыңыз: Алматылық келіншек көлікпен күйеуін екі рет басып өтті - фото
Алдын ала болжам бойынша, Lada жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, Toyota Camry көлігіне соқтығысқан. Салдарынан 9 адам көз жұмды.
Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабының 4-бөлігіне сәйкес (көлікті басқару кезінде абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар аталған факті бойынша тиісті сараптама тағайындалды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жолаушы толы автобус көше ортасында өртеніп кетті – видео
Егер адамның жол апатына кінәсі дәлелденсе, ол 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ күдікті 7 жылға дейін белгілі бір қызметті атқару немесе басқа да қызмет түрлерімен айналысу құқығынан айырылады.
Тергеу жұмыстары облыстық полиция департаментінің бақылауында.