НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр — Sputnik. Қазақстандық боксшы Иван Дычко кәсіби рингте сегізінші рет жеңіске жетті. Ол қарсыласын үшінші раундта нокаутқа түсірді, деп хабарлайды Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметі.
Дычко АҚШ-тың Флорида штатындағы Hard Rock аренасында жекпе-жекке шыққан. Оның қарсыласы Рэй Остин бұған дейін 29 рет жеңіске жетсе, тоғыз рет жеңілген екен. Қазақстандық боксшы америкалық былғары қолғап шеберін үшінші раундта нокаутқа түсірді.
Остин - украиналық Владимир Кличконың бұрынғы қарсыласы. 2007 жылы ол ауыр салмақтағы IBF және IBO чемпиондық белбеулері үшін Кличкомен жұдырықтасып, екінші раундта жеңіліс тапты.
Иван Дычко кәсіпқой бокс мансабында осымен сегізінші рет жұдырықтасып, сегіз рет жеңіске жетті. Барлық кездесуде ол қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан. Дычконың кәсіби рингтегі алғашқы кездесуі 2017 жылдың 30 қыркүйегінде өткен болатын. Ал әуесқой бокста ол 2012 және 2016 жылдары Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.