НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр — Sputnik. Алматыда автобус кілт тоқтап, қарт әйел жолаушылардың астында қалды. Зейнеткердің аяғы сынған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық мобильділік басқармасына сілтеме жасап.
Алматы тұрғыны 6 мамырда жүргізушінің кесірінен жарақат алған. Белгілі болғандай, оған денсаулығына зиян келгені үшін өтемақы төленетін болыпты. Автопарк зейнеткердің медициналық көмек алу және оңалту шығындарын өтейді.
"Автобус жүргізушісі екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бастапқы деректер бойынша, ол жүргізуші куәлігінен айырылды, енді 40 АЕК (101 мың теңге) айыппұл төлейді", - деп хабарлады басқарма.
Зардап шеккен әйелді қазір ота жасауға дайындап жатыр. Денсаулығына келген зиянның деңгейі анықталуы тиіс, деп атап өтті басқарма.
Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанда автобус өртенді: оқиғаның мән-жайы анықталды
Бұдан бұрын бұл оқиға туралы "НеМолчиKZ" зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалыс" қорының басшысы Дина Таңсәрі жазған еді. Оның айтуынша, кондуктор зардап шегушіні аялдамаға шығарып салып, автобус кетіп қалған. Зейнеткер әйел Семей полигонының ардагері көрінеді.