Майдан даласында жауынгерлерді жігерлендірген қазақ әйелдері

Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласына аттанып, оқ пен оттың ортасында басын қатерге тігіп, жауынгерлердің көңіліне жеңіске деген сенім ұялатқан қазақтың өнерлі қыздары аз болмаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр – Sputnik. Бүгін Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 74 жыл толып отыр. Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай майдан даласында сарбаздардың рухын көтеру үшін ән шырқап, би билеп, жауды жеңуге өз үлесін қосқан қазақ өнерінің жарық жұлдыздарын еске түсіргенді жөн көрдік.

"Танк сыйладым"

Би падишасы атанған Шара Жиенқұлова – алапат соғыс жылдары майданға сұранып, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің жігеріне жігер қосқан қазақ әйелі.

Майдан даласында жауынгерлерді жігерлендірген қазақ әйелдері

1940 жылы Қазақстанда ән-би ансамблі құрылып, Шара солармен бірге өз еркімен соғыс даласына аттанады. Майдан шептерінде "Молдабай", "Шахтер", "Бүркітші" сияқты қазақ билерімен қоса әлем халықтарының биін орындап, халықтар достығын  насихаттайды. Өнер бригадасы әскери бөлімшелер мен госпитальдарда қырық бес концерт қойып, Алматыға оралады.

"Майданға баруға мен де сұрандым. Оқ пен оттың арасында Отанымыздың қорғаушыларының сәл-пәл болса да көңілдерін желпіп, алыстағы туып-өскен елінің сәлемін әнімізбен, биімізбен жеткізгендей болдық. Алматыға келген соң бар жиған-тергенімді Отан қорғау қорына өткізіп, қызыл жауынгерлерге танк сыйладым", - деп жазады Жиенқұлова "Өмірім менің – өнерім" атты кітабында.

Соғыс жылдары ішінде Шараның ансамблі 460 концерт берген.

Жеңіс күнін би өнерінің ханшайымы Төменгі Тагилде қарсы алған.

Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен Жеңіс туы қайда – видео

"Мереке құрметіне біз металлургтер үшін үлкен концерт қойдық. Концерт қабырғасында жұмысшы тапты жауды жеңуге шақырған "Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!", "Жаудың ұясын тас-талқан етейік!" атты ұрандар ілінген зауыт цехында өтті. Бұл барлығына ортақ қуаныш пен бақыт күні еді", - деп еске алған еді Жиенқұлова.

"Майданнан хаттар келетін"

Соғысқа ерте аттанған қазақ әншілерінің бірі – Роза Бағланова. 1941 жылы соғыс оты тұтанғанда, өнер жұлдызы небәрі 19 жаста еді. Ол Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблімен бірге Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетеді. Ал 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады.

Майдан даласында жауынгерлерді жігерлендірген қазақ әйелдері

"Әлі есімде, жауынгер жігіттің аты Константин болатын. Хатының мазмұны : "Сіздің әніңізді бірінші рет Австрияның "Скала" театрында естіп, даусыңызға тәнті болдым. Әсіресе "Ах, Самара городокты" ешкім де сіздей орындаған емес. Осы әнді естіп, майданға қанаттанып аттанатынбыз". Майданнан осы мазмұндас талай хат алдым", - деген еді сұқбаттарының бірінде.

1944 жылы жауынгерлерге концерт қойып жүргенде, әншінің көзіне зақым келген. Майдан даласында бетін снарядтың жарықшағы жанып өткен екен. 1979 жылы екі көзі бірдей көрмей қалып, ота жасатып, дәрігерлердің көмегімен жанарын сақтап қалған.

Майдан даласында жауынгерлерді жігерлендірген қазақ әйелдері

Бұл жайлы Роза Бағланова өз естеліктерінде былай дейді:

"1943 жыл. Соғыстың қызған шағы. Кезекті концерт кезінде майдан даласында жауынгерлерге ән салып тұрмыз. Кенет фашистер минометпен атқылай бастады. Енді еңкейе бергенімде көзімнің алдында қараңғылық орнады. Көзіме снаряд жарқыншағы тиген екен".

1943 жылы Роза Бағланова майдан шебінде қойған концерттерінің құрметіне "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды.

Майдан даласын әнмен әуелеткен қазақтың бұлбұлы

Сұрапыл соғыс жылдарында сарбаздарды жігерлендірген, басын қатерге тігуге қаймықпаған қайсар да дарынды өнер иесі – Күләш Байсейітова. Зұлмат соғыста қазақ бұлбұлының барша халықты, оның ішінде сарбаздарды рухтандырар әндері радио торабынан, ел аузынан жиі естіліп, есімі баспа беттерінде көптеп жарияланды.

Нақақтан-нақақ жала жабылды: Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованың өмірбаяны

КСРО халық әртісі 1941-1945 жылдардағы ел басына түскен, тіпті, жер жүзін жайлаған аласапыранда сарбаздарды жігерлендіруден еш танбады. Қан майданда концерттерін өткізіп, әндерінің құдіретімен жауынгерлердің жүректерін жалындатып, рухтандырды. Соғыс аяқталған соң, Одақтық республикалардың басына түскен тауқыметті жоюға, халықтың әл-ауқатын көтеруге белсене араласқан.

Көп тілде ән шырқаған Жамал Омарова

Соғыс жылдарында Күләш Байсейітовамен бірге концерттік бригадалардың құрамында әнші Жамал Омарова да болды. Қазақ халқының сүйікті әншісі Батыс және Шығыс майдандарға аттанып, жауынгерлер алдында сан мәрте өнер көрсетті.

9 мамыр: Ұлы Отан соғысында Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі
Жамалдың бір ерекшелігі әндерін көп тілде шырқауында болатын. Репертуарын орыс, украин, беларусь, тәжік, өзбек, татар, қырғыз, грузин, армян, басқа да халықтар әндерімен байытқан. Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы жауынгерлерге концерт беріп, патриоттық әндерді орындады. Солтүстік Батыстағы майдан шептеріне дейін барып, оқ пен оттың арасында жүрген жауынгерлерді жауды жеңуге жігерлендірген.

Қан майдандағы жауынгерлер де, тыл еңбеккерлері де оның "Котелок", "Майданнан хат", "Застольная", "Мен қазақтың қызымын" әндерін ерекше ықыласпен тыңдайтын. 1943 жылы Жамал Омарова ҚазКСР халық әртісі атанды.

Жауды талқандауға Зәбира Жұбатова да атсалысты

Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан шептерінде жауынгерлердің алдында концерт берген өнер жұлдыздарының бірі – Зәбира Жұбатова. Қазақ КСР халық әртісі сұрапыл соғыс басталғанда Қарағанды облыстық филармониясында әнші болатын. Ол соғыс даласында "Майданнан хат", "Біздің ұран", "28 батыр" және тағы басқа әндерді шырқап, жауынгерлерді жеңіске жігерлендірді.

17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы қызықты деректер

Майданға барар жолда концерттік топтардағы әртістер Мәскеуде аялдап, Қызыл Армияның Орталық үйінде екі концерт берген. Одан кейін 2-Прибалтика майданына аттанып, жауынгерлер арасында 130 концерт беріп қайтады.

"Артистердің өнерлерін майдандағы жауынгерлер өте көңіл қойып тыңдады. Әсіресе, Қазақ ССР халық әртісі Зәбира Жұбатова мен Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі Мүлік Сүртібаевтың орындаған әндеріне жауынгерлер қатты сүйсінді. Жұбатованың орындаған "Майданнан хат", "Біздің ұран", "28 батыр" деген өлеңдерін жауынгерлер мен офицерлер өте зейін қойып тыңдады", - деп жазылған "Советтік Қарағанды" газетінің 1945 жылдың 18 мамыр күнгі санында.

Соғыстан кейінгі жылдары Зәбира кеншілер мен болатшылардың, мал шаруашылығы еңбеккерлері мен тың игерушілердің алдына жаңа бағдарламамен шығып, жаңа әндерді шырқады.