НҰР-СҰЛТАН, 7 мамыр — Sputnik. Бүгін Қазақстанда Отан қорғаушы күні аталып өтеді. 27 жыл бұрын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрылды.
1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңды құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы шықты.
Ал 2012 жылы Елбасының бұйрығымен 7 мамыр қатардағы дата ретінде елеусіз қалмай, мемлекеттік мәртебеге ие болды.
Дәстүр бойынша мейрам қарсаңында республика президенті әскери атақтар мен жоғары шендер беру туралы жарлық шығарып, ерен еңбегімен ерекшеленген үздіктерді марапаттайды.
Биыл Отан қорғаушы күніне орай әскери парад болмайды. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Қарулы күштер бөлімшелері парадының орнына "Айбалта 2019" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткен. Ол Алматы облысындағы "Қаратал" полигонында ұйымдастырылды.
"Әскери шеруден бас тартудың айтарлықтай себебі жоқ. Бізде шеруді жыл сайын өткізу керек деген регламент жоқ. Биыл Қарулы күштер бөлімшелері парадының орнына "Айбалта 2019" стратегиялық командалық-штабтық жаттығуы өтті. Жаттығу кезінде қазақстандық әскер өзінің күш-қуатын көрсетті", - деп хабарлады министрлік.