НҰР-СҰЛТАН, 7 мамыр — Sputnik. 2017 жылы Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің 2-курс студенті Бағдәулет Әмірханов жол апатына түскен. Жұлыны үзіліп,19 жасында арбаға таңылды. Ол апаттың қалай болғанын, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан махаббат хикаясының қалай басталғанын "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтып берді.
Апат қалай болды
2017 жылдың 16 наурызын Шынар Бекетаева қорқынышты түс секілді еске түсеретінін айтады. Бағдәулет достарымен Талғардан Алматыға қыдырып баруға сұранады. Анасы бір сұмдықты сезгендей жібергісі келмейді. Апат үйге қайтып келе жатқан жолда болады. Шұңқырға кірмес үшін жүргізуші тежегішті басқанда, көлік айналып талға соғылған. Бағдәулеттің аяқ-қолы бірден қозғалмай қалыпты.
"2-курс студентін ұстап тұра алмаймын ғой. Талғардан Алматыға 4 досымен барған. Алматыдан келе жатқан жолда тағы бір жолаушы алған кезде балам ортаға отырыпты. Жолаушыны алмағанда балам апат болған кезде ұстанып қалар ма еді деп ойлаймын ", - дейді анасы.
Бағдәулеттің әкесінің айтуынша, баласының достары жедел жәрдем шақырмай, ауруханаға өздері жеткізбек болған.
"Олар такси тоқтатып, баламды жұлқылап шығарған, жұлқылап таксиге отырғызған. Мойын омыртқасына зақым келген", - дейді әкесі.
Көліктегі өзге төрт адам дін аман. Бірақ Бағдәулет олармен қазір араласпайтынын айтады.
Тағы оқыңыз: Астаналық сүйіктісіне ерекше ұсыныс жасады
"Біз сағатына 100-120 шақырым жылдамдықпен келе жатқанбыз. Досымның ағасының көлігі болатын. Тез кел дегесін, асықтық. Қатты жылдамдықпен келе жатқанда алдымызда шұңқыр болды. Жанымызда тағы бір көлік келе жатқан. Жүргізуші көліктің тежегішін басқан кезде басым төбеге соғылды. Мойын омыртқам шығып кеткен болар. Бірден аяқ-қолымды сезбей қалдым", - дейді жас жігіт.
Бағдәулет қазір саусақтары мен қолын қозғалта алатынын айтады. Оған ота жасаған дәрігер Нұрлан Серіктің айтуынша, 1 жарым жылға дейін Бағдәулеттің даусы шықпаған. Трубкамен дем алған.
"Бір жарым жылдан кейін нейрореабилитацияға келді. Операция жасап, кеңірдегіне түтікше қойып, даусын шығардық", - дейді дәрігер.
Бағдәулет отадан соң өзінің даусын өзі танымай қалғанын айтады. Жас жігіттің мұндай ауыр тағдырын естіген жұрт бәрі көзіне жас алды.
Бағдәулет пен Құралайдың махаббат хикаясы
Қазір әлеуметтік желіде Бағдәулет пен Құралайдың махаббат хикаясы қызу талқылануда. Бірі оларға бақыт тілесе, енді бірі олардың сезімдеріне күмәнмен қарайды. Бағдәулет Құралаймен қалай танысқанын айтып берді.
"Құралайдың сіңлісі менің досыммен араласатын. Ол қыз ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырған кезде қолдау көрсетуге бардық. Сол кезде Құралаймен таныстым ", - дейді Бағдәулет.
Тағы оқыңыз: Мүгедек жігіт сүйіктісін кездестіргелі өмірі қалай өзгергенін айтты
Құралайдың жасы жиырма екіде екен. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті "Ғарыш және технологиялар" мамандығының 1-курс магистранты.
"Бағдәулетті ауруханада көргенде өте ауыр сезімде болдым. Шыққан соң жыладым. Сезімім өтірік емес. Басында дос ретінде араласып жүрдік. Бәріміз оның тезірек жазылып кеткенін қалаймыз ", - деп Құралай көзіне жас алды.
Бағдәулет Құралайдың мінезіне ғашық болғанын айтады. Екеуінің ата-аналары да танысыпты.
"Ана жүрегін түсінемін. Бала жүріп кетсе, келісімін беретінін айтты. Әкесі керемет кісі екен. Бәріміз баланы дәрігерлерге көрсетейік. Қазір дамыған заман ғой деп айтты", - дейді Бағдәулеттің анасы.
Бағдәулет Құралайға ұсыныс жасады
Бағдәулет Құралайға тосын сый ұйымдастырып, ұсыныс жасапты.
"Далаға шығып, қыдырып қайтайық деді. Жолда достарымызды кездестірдік. Жақындаған кезде музыка естілді. Сездім кішкене. Ол сөз салған сәтте айналада шырақтар, гүл шоғы, сақина бәрі болды. Екеуіміздің достарымыз жиылды", - дейді Құралай.
Журналист Маржан Сәдуақасова Бағдәулет пен Құралайдың сезіміне күмәнмен қарайтындардың өздерін сынады.
"Ол адамдардың өздерінің ішкі жан-дүниесі дұрыс емес. Мәдениеті өте төмен. Өзгенің бақытын көре алмайды", - дейді ол.
Әлеуметтік желілерде таныла бастағасын Бағдәулетке қыздар жиі жазатын болыпты. Құралай мұндай кезде сүйіктісін қызғанатынын жасырмады. Бағдарламаға келген қонақтар Бағдәулеттің оқуын қашықтықтан жалғастыру мәселесін көтеретінін айтты. Ал дәрігерлер болса, медицина бір орында тұрмайтынын айтып, емделуді тоқтатпауға кеңес берді.